"Мамамның даусын естіп шықсам, қан атқылап жатыр".
Түркістан қаласында ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, кейін өзіне де қол жұмсамақ болған. Қанды оқиғаны алғашқылардың бірі болып ерлі-зайыптылардың кенже ұлы көрген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Көршілердің айтуынша, әйелінің өміріне араша түскен ұлы бірден жедел жәрдем шақырған. Алайда 54 жастағы әйел дәрігерлердің көмегіне қарамастан, жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова болған жағдайды айтып берді. Оның сөзінше, кенже ұлы үйдің ішінен анасының дауысын естіп, кірген кезде ауыр көрініске тап болған.
«Мамамның даусын естіп шықсам, қан атқылап жатыр дейді. "Апа, мен кешігіп қалдым" дейді кішкентай баласы», – деді көрші.
Гүлнар Сапарованың айтуынша, марқұмның отбасы ешқандай әлеуметтік қиындық көрмеген. Көршілері 25 жыл бірге тұрған ерлі-зайыптылардың арасында бұрын-соңды күрделі жанжал болғанын байқамаған.
Марқұм әйелдің күйеуі одан 13 жас үлкен болған. Ер адам бұл некеге дейін де отбасылы болған. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп өсірген. Көпбалалы ана өмір бойы үй шаруасымен айналысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасындағы жанжалдың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз. Қанды оқиғадан кейін ер адам да өз денесіне пышақ жарақатын салған. Ол ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің көмегімен аман қалған.
Марқұм әйелді жақындары жер қойнына тапсырды.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, қамауға алынған.
«Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданатын болады», – деді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталмақ.