04.09.2026, 17:00

Астана әуежайы миллиардтаған шығынға батқанын мәлімдеді

Фото: @nqzairport

Қаржылық жағдайды жақсарту мақсатында әуежайда дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ қаржы жылын 6,9 млрд теңге көлеміндегі шығынмен аяқтады. Жалпы жиынтық кіріс 4 млрд теңгені құрады, ал өткен жылдардан жинақталған Қоғамның жабылмаған шығыны 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша 36 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.  Қаржылық жағдайды жақсарту мақсатында әуежайда дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама көрсетілетін қызметтердің нақты өзіндік құнын ескере отырып, қолданыстағы тарифтердің экономикалық негізділігі мен залалсыздығын бағалауды, операциялық қызметтің тиімділігін арттыруды және кәсіпорынның ішкі резервтерін пайдалануды көздейді. Авиациялық керосинді өткізу моделінің өзгеруіне байланысты негізгі басымдық операциялық қызмет есебінен қаржылық нәтижелерді жақсартуға бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шығын болғанына қарамастан, биыл әуежай бірқатар негізгі өндірістік және коммерциялық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта әуежай қызметіне бірқатар сыртқы және өндірістік факторлар кері әсер етті. Олардың қатарында күндізгі уақытта ұшу-қону жолағының жұмысын шектей отырып жөндеу жұмыстарын жүргізу, авиациялық керосин құнының өсуі, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық рейстердің бір бөлігінің тоқтатылуы бар. Соның салдарынан шамамен 1,1 мың рейс орындалмады. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Астана халықаралық әуежайы 5,4 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,3 млн жолаушы болған. Осылайша, жолаушылар ағыны 1,3%-ға артты. Рейстер саны бойынша да оң динамика байқалады. 2026 жылдың жеті айында 25 мыңнан астам ішкі рейс орындалды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24 мыңнан астам болған. Өсім шамамен 2%-ды құрады. Халықаралық рейстер саны 12 мыңнан 12,4 мыңға дейін немесе 3%-дан астам өсті. Ең елеулі нәтижелердің бірі - жүк пен поштаны өңдеу көлемінің артуы. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында әуежай 8,9 мың тонна жүк пен поштаны өңдеді. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,4 мың тоннаны құраған. Өсім 20%-дан асты. Авиациядан тыс қызмет бағыттарында да тұрақты өсім байқалады. 2026 жылғы қаңтар–маусым қорытындысы бойынша авиациядан тыс қызметтерден түскен кіріс 7,2 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,8 млрд теңге болған. Осылайша, өсім 24%-ды құрады. Осыған байланысты биылғы жылдың соңына дейін әуежайдың Акционері – Астана қаласының әкімдігі - Астана халықаралық әуежайының басшылығымен бірлесіп, қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында қаржылық және операциялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Негізгі басымдық қызмет тиімділігін арттыруға және коммерциялық бағыттарды дамытуға беріледі. Сонымен қатар, әуежайдың маршруттық желісін одан әрі дамыту және кеңейту мақсатында авиакомпаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылады. Маржиналдылықты арттыру, көрсетілетін қызметтердің табыстылығын жоғарылату, тарифтік саясатты жетілдіру, технологияларды оңтайландыру және қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану есебінен өзіндік құнды төмендету бойынша шаралар қабылданады. Өндірістік, экономикалық және басқарушылық процестерді оңтайландыру, сондай-ақ оларды жетілдіруге бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу жұмыстары басталды. Аталған шараларды іске асыру әуежайдың қаржы-шаруашылық қызметін залалсыздық деңгейіне шығаруға және кәсіпорынның одан әрі тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.