07.09.2026, 14:20

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпаршының әрекеті сынға қалды

Фото: threads.com/@tilek88

Желіде тараған кадрларда көкпаршының жылқының ауыздығын қатты тартқаны көрінеді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық көкпаршының жылқыға қатысты әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Желіде тараған кадрларда көкпаршының жылқының ауыздығын қатты тартқаны көрінеді. Соның салдарынан жануардың аузынан қан аққан. Бұл жағдайға алаңдаған желі қолданушылары көкпаршының әрекетін жануарға жасалған қатыгездік деп бағалап, наразылық білдірді.

Оқиғаға байланысты көкпаршының үстінен E-Otinish жүйесі арқылы Туризм және спорт министрлігіне арыз жолданған. Кейбір қолданушылар мұндай көрініс Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджіне кері әсер ететінін айтып, көкпар ойынына қатысты сын пікір білдірді.

«Мейірім қайда қалды? Не деген сұмдық мынау? Резонанс жасап, бұл ойынды мүлдем алып тастау керек», – деп жазды ашынған желі қолданушылары.

Оқиғаға Қырғызстаннан да пікір білдіргендер болды. Кейбір қырғызстандықтар қазақстандықтарды жануарға мейірімділік танытуға шақырды.

Қазір аталған жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.