Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары үнемі инвестицияланып, табыс әкеледі және бұл табыс салымшылар арасында бөлінеді.
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді азаматтар өздерінің зейнетақы қаражатын 100 пайыз көлемінде жеке компанияға сеніп тапсыра алады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары үнемі инвестицияланып, табыс әкеледі және бұл табыс салымшылар арасында бөлінеді.
Бұл жұмыспен Қазақстан Ұлттық банкі және инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар (ИПБК) айналысады. Осы уақытқа дейін азаматтар жинақтарының тек 50 пайызын ғана жеке компанияларға бере алатын еді. 7 қыркүйектен бастап бұл шектеу алынып тасталды.
Енді қазақстандықтар барлық жинағын жеке компанияларға бере алады. Азаматтар әрбір ИПБК-ның көрсеткен нәтижелеріне және басқа да факторларға сүйене отырып, қаражатты кімге сеніп тапсыру керектігін өздері шешеді.
Зейнетақы жинақтарына қатысты тағы бір маңызды өзгеріс бар. Басқарушы компаниялар енді әр түрлі инвестициялық стратегияларды ұсына алады:
консервативтік; қалыпты; тәуекелдері бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, консервативтік портфель барлығына қолжетімді. Оның табыстылығы 12 ай ішінде бағаланады. Қалыпты портфельді зейнетке шығуына 3 жылдан астам уақыт қалған азаматтар таңдай алады, нәтижелері 36 ай ішінде бағаланады. Тәуекелі бар портфель зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған жағдайда қолжетімді, ал табыстылығы 60 ай ішінде бағаланады.Жаңа ережелер әр түрлі тәуекел деңгейі бар зейнетақы портфельдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда іс жүзінде жаңа жүйе тұжырымдамада көзделгеннен сәл өзгеше жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда қазақстандықтар белгілі бір ИПБК ішінде стратегияны өздері таңдай алмайды. БЖЗҚ деректеріне сәйкес, әрбір басқарушы компания тек бір типтегі портфельді ұсынады:
BCC Invest – консервативтік портфель; Alatau City Invest – қалыпты; Halyk Finance – консервативтік; Halyk Global Market – консервативтік; Tansar Capital – қалыпты; "Сентрас Секьюритиз" – консервативтік.Болашақта қазақстандықтарға портфельдердің көбірек нұсқалары қолжетімді болуы мүмкін. Дегенмен қазіргі уақытта басқарушы компаниялар өздері жұмыс істейтін бір нақты стратегияны ғана ұсынып отыр.