07.09.2026, 23:30

Алматыда екі ер адам жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқан

Фото: Gov.kz

Полиция қызметкерлері Қазыбек би және Бәрібаев көшелерінің қиылысына барып, күдіктілерді ұстады.

Алматыда жедел жәрдем шақырып, кейін медицина қызметкерлерін пышақпен қорқытқан екі ер адам полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы жедел жәрдем бригадасы тәртіп сақшыларына хабарлаған.

Полиция қызметкерлері Қазыбек би және Бәрібаев көшелерінің қиылысына барып, күдіктілерді ұстады. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамдар есірткіге масаң күйде болған. Олар медицина қызметкерлері келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданғандарын айтқан. Оқиға салдарынан жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Ұсталған екі адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір пышақтың қайдан алынғаны, оны сақтау және алып жүру мақсаты, сондай-ақ оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.

Полиция ұсталғандардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.