Түркістан облысының полиция департаменті Жетісайдағы тойда даулы сөз сөйлеген 66 жастағы ер адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ер адамға Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі, яғни "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша айып тағылған. Істің саралануы өзгертілмеген және оған қосымша баптар енгізілмеген.
Тергеу барысында дінтану, саясаттану және психологиялық-лингвистикалық сараптамалар жүргізілген.
Ер адам екі айға қамауға алынған. Полицияның мәліметінше, қамау мерзімі ұзартылмаған. Қылмыстық іс материалдары 26 тамызда сотқа жіберілген. Полиция департаменті тергеудің өзге де мәліметтерін жариялаудан бас тартты.