08.09.2026, 14:20

«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе?: Жұлдыз Сүлейменова дауға қатысты ойын айтты

Фото: ЖИ

"Бұл мәселе мені де қызықтырды".

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қоғамда қызу талқыланып жатқан «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте министр бұл мәселеге қатысты шешім қабылдау Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне кірмейтінін айтты. Оның сөзінше, сөздің жазылу нормасын тілтанушы ғалымдар ғылыми тұрғыда зерделеуі керек.

Жұлдыз Сүлейменова «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты өзі де зерттеу жүргізіп көргенін атап өтті. Министр бұл ретте белгілі ғалым Рабиға Сыздықтың еңбектеріне жүгінген.

«Бұл мәселе мені де қызықтырды. Ғалым Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне назар аудардым. 1980-жылдардан бері сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы заңдылықты сақтай отырып, емле нормасына өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып келген. Өзім “қыркүйек” сөзін “к” әрпімен жазамын. Себебі бізге кезінде осы норма бойынша білім берілді», – деді министр.

Оның айтуынша, бұған дейінгі зерттеулерде «қыргүйек» нұсқасының қолданылу көрсеткіші 93 пайызға дейін жеткен.

Министр екі нұсқаның бірін бірден қате деп тануға болмайтынын айтты.

«Меніңше, “қыркүйек” немесе “қыргүйек” деп жазудың ешқайсысын бірден қате деуге болмайды. Мысалы, қазір “Ботакөз” емес, “Ботагөз” деп айтамыз. Бұл да қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылуына тән ерекшеліктердің бірі. Сондықтан мұны тілдік норма ретінде қабылдаған жөн», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің пікірінше, «қыркүйек» сөзінің қай нұсқасы дұрыс екенін нақтылау үшін тілтанушы ғалымдардың ғылыми тұжырымдарына сүйену қажет.