08.09.2026, 18:00

Қорқытып, ұрып-соққан: Таразда бұрынғы әйелін қинаған ер адамға қатысты іс қозғалды

Фото: depositphotos.com

Тергеу барысында анықталғандай, ер адам соңғы бір жыл бойы бұрынғы әйелінің үйіне келіп, отбасы мүшелерін қорқытқан және оны бірнеше рет ұрып-соғып қорлаған.

Таразда бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қинап, ұрып-соққан ер адамға қатысты прокуратураның нұсқауымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Тергеу барысында анықталғандай, ер адам соңғы бір жыл бойы бұрынғы әйелінің үйіне келіп, отбасы мүшелерін қорқытқан және оны бірнеше рет ұрып-соғып қорлаған. Бұған дейін отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, ол заңға қайшы әрекеттерін тоқтатпаған.

Қалалық прокуратура отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласының жай-күйіне талдау жасау барысында бір мекенжайдан бірнеше рет түскен хабарламаларға тиісінше ден қоймау деректерін анықтады. Таразда осындай 110 мекенжай тіркеліп, зорлық-зомбылыққа бейім тұлғаларға қатысты жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, жыл басынан бері төрт рет шақырту түскен отбасылардың бірінде профилактикалық шаралардың нәтижесінде соңғы үш айда құқық бұзушылықтар қайталанбаған.

Қазіргі уақытта атал дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары қалалық прокуратураның ерекше бақылауына алынды. Құқық қорғау органдары азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға және дереу хабарлауға шақырады.