08.09.2026, 20:30

Қазақстан ҰОК-нің Instagram парақшасы әлемдік рейтингте көш бастады

Фото: Olympic.kz

IRIS Sport ұйымы зерттеу жүргізді.  

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің әлеуметтік желідегі парақшалары Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада кезінде ҰОК-тер мен олимпиадалық құрамалар арасында ең жоғары нәтижелердің біріне қол жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

IRIS Sport ұйымы ANOC Social Media Dashboard жобасы аясында жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстан ҰОК-нің Instagram желісіндегі жарияланымдардың орташа белсенділігі бойынша бірінші орынға шықты. Әр жазбада орта есеппен 24 583 белсенділік тіркелген. Бұл – рейтингке енген Ұлттық Олимпиадалық комитеттер арасындағы ең үздік көрсеткіш.

Қазақстан ҰОК әлеуметтік желілердің жалпы тиімділігі бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Жарияланымдарға аудиторияның қатысу деңгейін көрсететін Engagement Rate көрсеткіші 118,9 пайызды құрап, комитет рейтингке енген ҰОК-тер арасында төртінші орын алды. Зерттеуге енген барлық платформаларды қоса есептегенде, бір жарияланымда орта есеппен 1,26 мың белсенділік тіркелген.

Олимпиада ойындары кезінде Қазақстанға қатысты есепке алынған әлеуметтік желілердің жалпы аудиториясы 7,78 млн жазылушыға жетіп, 112 мың адамға (+4,05 пайыз) артты. Жарияланымдар жалпы 9,25 млн белсенділік жинаса, бейнематериалдар 34,1 млн рет қаралған. Бұл нәтижеге көп материал жарияламай-ақ қол жеткізілді. Жарияланған материалдар саны бойынша АҚШ, Италия, Жапония, Ұлыбритания және Франция құрамалары көш бастады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ҰОК-нің нәтижесі ең алдымен жарияланымдардың тиімділігін және олардың аудиторияны белсенді әрекетке ынталандыра алғанын көрсетеді.

IRIS Sport зерттеуіне сәйкес, Олимпиада-2026 кезінде көрерменнің спортшылар туралы материалдарға көбірек қызығушылық танытқаны анықталды. 

"Біз үшін әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, қатарынан екінші Олимпиада ойындарында да үздіктер қатарында болу өте маңызды. Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан ҰОК бұл көрсеткіш бойынша екінші орын алған еді. Ал 2026 жылғы Олимпиаданың нәтижесі бойынша бірінші орынға көтерілдік. Бұл атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі екенін және ең бастысы, қазақстандықтардың ұлттық құрамаға деген қызығушылығы өте жоғары екенін көрсетеді. Біздің жанкүйерлеріміз өте белсенді. Олар спортшыларымызды бақылап, қолдау білдіреді, пікір қалдырады, жарияланымдармен бөліседі және құрамамен бірге олардың ең жарқын сәттерін бастан өткереді", – деді ҰОК PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шукенова.