$ 454.46  527.72  5.25

«Көшеден тауып алдық»: Таразда ер адам соққыға жығылып, қаза тапты

Марқұмның әпкесінің сөзінше, ол ауруханада жұмыс істеген.

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

Таразда ер адам ауыр соққыдан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстары оның бірнеше адамның қатысуымен қатты соққыға жығылғанын айтып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, ол ауруханада жұмыс істеген. Оған пациенттерінің бірінің бұрынғы күйеуі бұған дейін бірнеше рет телефон арқылы тіл тигізіп, кездесуді талап еткен. Кездесу ұсынысына ер адам сол күні келісіп, белгіленген жерге барған.

Туыстарының мәліметінше, ол жерге үш ер адам келген. Отбасының айтуынша, ер адамның басынан металл затпен ұрып, кейін оны көліктің жүксалғышына салып, Аса өзенінің маңына апарған. Сол жерде оны қатты соққыға жыққан.

Біраз уақыттан кейін ер адамды өз көлігімен ауруханаға жеткізген. Оны әкелгендер дәрігерлерге ер адамды «көшеден тауып алғандарын» айтқан. Алайда ол алған жарақаттарынан есін жимастан қайтыс болды.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, бастапқыда үш күдікті ұсталған. Кейін олардың екеуі босатылған. Отбасы іс бойынша куәгерге қысым жасалуы мүмкін екенін де мәлімдеп отыр.

Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды. Ол бірнеше күннен кейін 30 жасқа толуы тиіс болған.

Туыстары қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы заң алдында жауап беруін талап етуде. Қазір полицияның ресми мәлімдемесі күтіліп отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0