Алматыда жағдайы әлі жақсы тротуарлар мен төсеніш тастардың қайта алынып жатқаны тұрғындардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушылары қалада жөндеуді қажет ететін аумақтар аз емес кезде бүтін жабындыны ауыстыруға қаржы жұмсаудың қаншалықты орынды екенін сұрап отыр. Қазір Абай даңғылының Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейінгі бөлігінде абаттандыру жүріп, қолданыстағы төсеніш тас гранит жабынға ауыстырылып жатыр. Қала билігінің мәліметінше, алынған жарамды төсеніш тастар қоқысқа тасталмай, аудан әкімдіктеріне беріліп, қосалқы көшелер мен аулаларды жөндеуге қайта пайдаланылмақ. Алайда тұрғындар мұндай жұмыстардың қайта-қайта жүргізілуіне күмән келтіріп, қаражатты тротуары мен асфальты нашар аудандарға бағыттауды ұсынып отыр. Әлеуметтік желіде тіпті мұндай жөндеу жұмыстарын видеоға тіркеп, кейін сол аумақта қайта жұмыс жүргізілсе, бақылаушы органдарға жүгіну керек деген пікірлер айтылды.