09.09.2026, 18:20

«Өзімді қорғадым»: Оралда танысын 10 рет пышақтаған ер адам ақталмақ болды

Фото: baq.kz

Іс материалдарына сәйкес, бірінші сатыдағы сот ер адамды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.

Оралда ер адам танысын пышақтап өлтіріп, сотта өзін-өзі қорғау үшін осындай әрекетке барғанын айтқан. Алайда кассациялық сот оның бұл уәжін негізсіз деп танып, бұрынғы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс материалдарына сәйкес, бірінші сатыдағы сот ер адамды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Бұған келіспеген сотталған кассациялық шағым түсіріп, жанжалды жәбірленуші бастағанын айтқан. Оның сөзінше, танысы оған пышақпен бірінші шабуыл жасаған, ал өзі қаруды тартып алып, қорғану үшін бірнеше рет пышақ сұққан.

Алайда кассациялық сот бұл нұсқаны растайтын жеткілікті дәлел жоқ деген қорытындыға келген. Сот мәліметінше, ер адам мас күйінде танысына кемінде 10 рет қасақана пышақ сұққан. Жәбірленуші көп қан жоғалтып, алған жарақаттарының салдарынан қаза тапқан.

Сонымен қатар сот марқұмның шабуыл кезінде қарсылық көрсетпегенін анықтаған. Оқиға орнынан пышақ пен қан іздері табылып, сот сараптамалары мен куәгерлердің жауабы ер адамның нұсқасын жоққа шығарған.

Кассациялық сот оның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі бойынша саралауды дұрыс деп танып, бес жылдық жазаға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.