Кабинадағы жарық сөніп, батырмалар жұмыс істемей қалған.
Астанадағы «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінде лифт істен шығып, үш қабат төмен құлдилаған. Оқиға туралы Threads желісінде molya.2211 есімді тұрғын жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Krispi_astana-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, лифт кенеттен үш қабат төмен түсіп, электр қуаты толық өшкен. Кабинадағы жарық сөніп, батырмалар жұмыс істемей қалған.
— Шынымды айтсам, сол сәтте өлемін деп ойладым, — дейді оқиғадан қатты шошынған тұрғын.
Жазба авторының мәліметінше, бұл аталған тұрғын үй кешеніндегі лифт жұмысына қатысты алғашқы шағым емес. Тұрғындар бұған дейін де лифт жабдықтарының сапасы мен BI Group компаниясының сервистік қызметінің баяу әрекет ететініне наразылық білдірген.
Компания салған өзге тұрғын үй кешендеріндегі лифт ақаулары да бұған дейін бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген.