10.09.2026, 11:20

Құрылтай жұмысының жаңа регламенті бекітілді

Фото: Kazinform

Бұл туралы бүгін елордада Құрылтай Регламентінің жобасын талқылау барысында депутат Снежанна Имашева мәлім етті.

Құрылтай отырыстары ашық өткізіледі және олардың трансляциясы болады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы бүгін елордада Құрылтай Регламентінің жобасын талқылау барысында депутат Снежанна Имашева мәлім етті.

-Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы – еліміздегі жоғары өкілді органның ішкі ұйымдастырылуын және қызмет тәртібін айқындайтын құжат. Регламентте Құрылтай мен оның органдарының қызметін ұйымдастыру, отырыстарды, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу тәртібі, заң шығару процесінің қағидалары, депутаттық бірлестіктердің қызметі, сондай-ақ депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Жоба барлығы 31 тараудан және 310 тармақтан тұрады, - деді С. Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.

Осы орайда ол Құрылтай жұмысын ұйымдастыруға қатысты түсінік берді. Құрылтай қызметінің негізгі нысаны – оның сессиялары. Кезекті сессия жылына бір рет – қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.

Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заңдарға түзетулер әзірлеу, сайлаушылармен жұмыс істеу сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар әр сессияда кемінде екі рет жүзеге асырылуға тиіс.

- Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, Үкімет сағаттары – дүйсенбі күндері өткізіледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады. Регламентте отырыстарды шақыру және өткізу, күн тәртібін қалыптастыру, депутаттарды тіркеу, жарыссөздер өткізу мен дауыс беру тәртібі толық түрде айқындалады. Негізгі қағидат – Құрылтай жұмысының ашықтығы. Отырыстар ашық өткізіледі және олардың трансляциясы көзделеді. Сонымен қатар кейбір көзделген жағдайларда қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау талаптары сақтала отырып жабық отырыстар өткізілуі мүмкін, - деді депутат.