Алайда сотталушы адам өлтіру бойынша тағылған айыпты мойындамады.
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жаппай төбелес кезінде 17 жастағы оқушының қаза болуына қатысты сот отырысы басталды. Жасөспірімді өлтірді деген айып 18 жастағы студентке тағылып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Stan.kz мәліметінше, оқиға 19 наурызда болған. Сол күні айыпталушы анасына тиесілі көлікті рұқсатсыз алып, «Маяк» тобының мүшелерімен бірге қаланың басқа бөлігіне барған. Оның жүргізуші куәлігі болмаған. Сонымен қатар өзімен бірге аңшылық пышақ алып жүрген.
Жастар арасында жаппай төбелес болған кезде 17 жастағы оқушы жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, қаза тапқан. Тергеу мәліметіне сәйкес, айыпталушы жанжал кезінде қару қолданылуы мүмкін екенін алдын ала білген.
Дегенмен сотталушы өзіне тағылған адам өлтіру айыбын мойындамай отыр. Оның айтуынша, пышақты өзін қорғау үшін алған. Бір топ жас өзіне қарай жүгірген кезде өміріне қауіп төніп тұрғанын сезіп, қолындағы пышақты сермеген.
Сот отырысында ол марқұмның жақындарынан кешірім сұрап, жасөспірімді өлтіру ниеті болмағанын мәлімдеді. Төбелестен кейін оқиға орнынан қашып, техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына жасырынған.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Ал қаза болған 17 жастағы оқушының туыстары айыпталушыға барынша қатаң жаза тағайындауды талап етуде.