Қазақстанда тау-кен металлургиясы белсенді дамып келе жатқанымен, саланың негізгі мәселелерінің бірі – шикізатты терең өңдеу деңгейінің төмендігі. Экономист Жанат Нұрғалиев еліміздің металлургия саласындағы технологиялық алшақтыққа назар аударып, шикізаттық модельден өнеркәсіптік егемендікке өтудің жолдарын атады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Экономистің айтуынша, 2025 жылы Қазақстанның тау-кен металлургиясы кәсіпорындары 19 трлн теңгенің өнімін өндірген. Салада 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алайда өндірістік қуаттардың құрылымы біркелкі емес.
Оның сөзінше, тәуелсіздік жылдарында кен өндіру және байыту саласына айтарлықтай инвестиция салынып, жаңа кәсіпорындар іске қосылғанымен, базалық металлургияның едәуір бөлігі әлі де кеңестік кезеңде салынған зауыттарға сүйенеді.
«Қазақстанның негізгі мыс балқыту қуаттары әлі кеңестік кезеңде құрылған. Балқаш зауыты алғашқы қара мысты 1938 жылы өндірсе, Жезқазған мыс балқыту зауыты 1971 жылы пайдалануға берілді. Содан бері кәсіпорындарда негізінен қолданыстағы өндірісті ұстап тұруға бағытталған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірде-бір жаңа ірі мыс балқыту зауыты салынған жоқ», – деп жазады Жанат Нұрғалиев.
Сонымен бірге елдің шикізат базасы әлдеқайда жылдам дамыды. Экономист Ақтоғай, Бозшакөл, Шатыркөл, Нұрқазған секілді жаңа кен орындары игеріліп, заманауи байыту фабрикалары салынғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстанның кен өндіру және мыс концентратын шығару мүмкіндігі айтарлықтай артқан.
Алайда балқыту қуаттары дәл осындай қарқынмен кеңейген жоқ.
«Нәтижесінде белгілі бір теңгерімсіздік пайда болды: Қазақстан кен өндіру мен байытуды арттырды, ал келесі технологиялық кезең – мыс балқыту қуаттары – соған сай дамымады. Сондықтан қосымша өндірілген концентраттың едәуір бөлігі елден тыс жерде өңдеуге жіберіледі», – дейді экономист.
Қазақстан не экспорттап отыр?
Жанат Нұрғалиевтің келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы «мыс кендері мен концентраттары» тауар тобы Қазақстанның жалпы тауар экспортының 3,6%-ын немесе шамамен 2,8 млрд долларды құраған. Бір жылда экспортталған мыс кені мен концентратының физикалық көлемі 1,42 млн тоннаға жеткен.
Экономист катодты мысты шикізатқа жатқызуға болмайтынын атап өтті. Өйткені ол – металлургиялық өңдеуден өткен өнім. Дегенмен негізгі мәселе одан кейінгі өндірістік тізбекте жатыр.
«Өнеркәсіптік тізбектің тереңдігін бағалау үшін өндірілген металдың қанша бөлігі Қазақстанның өзінде катанкаға, сымға, кабельге, фольгаға, қорытпаларға, машина жасау және электр техникасына арналған компоненттерге айналатыны маңызды», – дейді ол.
Дәл осы сатыларда базалық металлургияның айналасында жаңа өндірістер пайда болып, жабдыққа, электр энергиясына, логистикаға, өнеркәсіптік сервистерге, инженерлік құзыреттер мен білікті мамандарға сұраныс қалыптасады.
Неліктен мұндай жағдай қалыптасты?
Экономист мәселенің тарихи алғышарттарына да тоқталған. Кеңес Одағы кезінде Қазақ КСР-дегі кәсіпорындар бірыңғай шаруашылық кешенінің бір бөлігі ретінде салынды. Сондықтан бүкіл өндірістік тізбектің Қазақстан аумағында орналасуы міндетті болған жоқ: шикізат бір республикада өндіріліп, өңдеу немесе дайын өнім шығару басқа өңірде жүзеге асырылатын.
1991 жылдан кейін бұл байланыстар үзілді. 1990-жылдары кәсіпорындардың басты міндеті жаңа зауыттар салу емес, қолданыстағы өндірісті сақтап қалу, қуаттарды қайта жүктеу, өткізу нарықтарын табу және инвестиция тарту болды.
Кейін капитал кен орындарын игеру мен тау-кен байыту базасын кеңейтуге белсендірек бағытталды.
«Осылайша қазіргі құрылым қалыптасты: заманауи шикізат базасы әлдеқайда ертерек құрылған металлургиялық орталықтармен қатар жұмыс істеп келеді», – деп түсіндіреді Жанат Нұрғалиев.
Оның дерегінше, тек 2024 жылдың өзінде тау-кен металлургия кешеніне салынған инвестиция 1,7 трлн теңгеден асқан.
Сондықтан мәселе капиталдың жоқтығында емес, инвестицияның қай бағытқа жұмсалып жатқанында.
Шикізатты түгел елде қалдыру шешім бе?
Экономистің пікірінше, терең өңдеуді дамыту Қазақстанда өндірілген барлық шикізатты ел ішінде қалдыру керек дегенді білдірмейді.
«Ашық әрі экспортқа бағдарланған экономика үшін мұндай тәсіл ұтымды болмас еді. Өндірістің әрбір келесі сатысының өзіндік экономикасы болуы керек. Ол энергия құнына, шикізат пен қаржыландыруға қолжетімділікке, инфрақұрылымға, технологияларға, экологиялық талаптарға, ішкі нарықтың көлеміне және өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігіне байланысты», – дейді сарапшы.
Сондықтан катанка, кабель, қорытпа, фольга немесе электроникаға арналған компоненттер өндірісін дамыту үшін металлургияның өзі жеткіліксіз. Онымен қатар машина жасау, құрылыс және электротехникалық өнеркәсіп те дамуы қажет.
«Өнеркәсіптік егемендік шикізатты өзіміз өңдей алған жерде басталады»
Жанат Нұрғалиев шикізаттық модельден шығуды тек концентрат немесе металл экспортын азайтумен байланыстыру дұрыс емес деп санайды. Негізгі мәселе – Қазақстанның өндірістік тізбектің қай сатысында өнім сататынын өзі таңдай алуы және қосылған құнның көбірек бөлігін ел ішінде қалдыруы.
«Кен орындарына иелік ету өздігінен өнеркәсіптік егемендікке кепілдік бермейді. Егер өндірістің өсуі балқыту және кейінгі өңдеу қуаттарының дамуымен қатар жүрмесе, технологиялық құзыреттердің, жұмыс орындары мен қосылған құнның едәуір бөлігі келесі өндірістік сатылар орналасқан елдерде қалыптасады. Ел ресурсты бақылайды, бірақ оның өнеркәсіптік өнімге айналу тізбегін толық бақылай алмайды», – дейді экономист.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін келесі индустриялық кезеңнің міндеті – өскен шикізат базасын жаңа мыс балқыту қуаттарымен байланыстырып, одан әрі тазартылған мыс, катанка, кабель-сым және электротехникалық өнімдер өндірісін дамыту.
«Өнеркәсіптік егемендік өз шикізатымызды ел ішінде металға, ал металды жоғары деңгейде өңделген өнімге айналдыра алатын жерде басталады. Бұл әлемдік саудадан оқшаулану деген сөз емес. Экспорт экономика үшін маңызды болып қала береді. Мәселе – нарық конъюнктурасына қарай шикізатты, металды немесе жоғары өңделген өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін өз технологиялық және өндірістік базамыздың болуында», – деп түйіндеді Жанат Нұрғалиев.