Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесіне қатысты пікірталас тау-кен өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардың мүдделері төңірегінде өрбіп отыр. Белгілі қазақстандық қаржы сарапшысы, экономикалық шолушы Айбар Олжаев бұл мәселені тек тариф тұрғысынан емес, елдің алдағы 10–20 жылдағы өнеркәсіптік даму бағыты аясында қарастыру қажет деп есептейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшы Facebook парақшасында жариялаған жазбасында Қазақстанның айтарлықтай шикізат базасына ие екенін және мыс концентратын ірі көлемде экспорттайтынын атап өтті. Алайда өндірістің келесі технологиялық кезеңі – шикізатты ел ішінде өңдеу кен өндіру саласымен салыстырғанда баяу дамыған.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда заманауи кеніштер мен байыту фабрикалары іске қосылғанымен, ауқымы жағынан солармен салыстыруға болатын жаңа ірі мыс балқыту қуаттары іс жүзінде салынбаған.
Сарапшы бұл өндірістік құрылымды өзгерту қажеттілігі Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше рет көтерілгенін еске салды. 2026 жылғы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи өнеркәсіптік негіз қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібіне қолдауды күшейту қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген тауарларды импорттау тәжірибесі тоқтауға тиіс екенін мәлімдеген.
Айбар Олжаевтың пікірінше, қазіргі міндет – осы бағытты нақты экономикалық тетіктер арқылы жүзеге асыру.
Нарыққа жаңа әдістеме не үшін қажет?
Сарапшы әлемдік нарық мыс концентратының бағасын анықтай алатынын, алайда Қазақстанның өнеркәсіптік даму міндеттерін шешуге міндетті емес екенін атап өтті.
Егер шикізатты Қазақстан аумағында өңдеу экономикалық жағынан тартымсыз болса, концентрат ірі әрі бәсекеге қабілетті өндірістік қуаттары қалыптасқан мемлекеттерге жөнелтіледі. Жекелеген компания үшін бұл экономикалық тұрғыдан тиімді шешім болуы мүмкін. Алайда мемлекет үшін оның салдары басқаша.
«Шикізатпен бірге өндірістің келесі кезеңі де елден шығады. Демек, инвестицияның, жұмыс орындарының, салық базасы мен технологиялық құзыреттердің бір бөлігі де сыртқа кетеді», – деп түсіндіреді сарапшы.
Оның пікірінше, мемлекеттің міндеті – өндірушілер мен өңдеушілер арасынан әкімшілік жолмен бір тарапты таңдау емес. Керісінше, кен өндіру саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтай отырып, шикізатты ел ішінде өңдеуге және осы бағытты дамытуға мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық жағдай қалыптастыру қажет.
Осы тұрғыдан Айбар Олжаев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп жатқан мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін қарастыруды ұсынады.
Оның айтуынша, әдістеменің мәні бір тарифтік мөлшерлемені белгілеумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – нарық қатысушылары өңдеу экономикасын алдын ала есептей алатындай бірыңғай әрі ашық ережелер қалыптастыру.
Зауытты тек ағымдағы шығындар есебінен жаңғырту мүмкін емес
Талқыланып жатқан негізгі мәселелердің бірі – тариф құрамында инвестицияларды есепке алу мүмкіндігі.
Айбар Олжаев концентрат өндірушілердің алаңдаушылығын түсінуге болатынын айтады. Себебі кез келген қосымша төлем олардың шығынын арттырады. Сондықтан инвестициялық құрамдас экономикалық тұрғыдан негізделіп, ашық көрсетілуі және нақты жобалармен байланысты болуы керек.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар.
Сарапшының сөзінше, металлургиялық зауытты ондаған жыл бойы тек оның күнделікті жұмысын қамтамасыз етуге арналған қаражат есебінен дамыту мүмкін емес. Жабдықтарды реконструкциялау, экологиялық жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа өндірістік қуаттарды салу капиталды қажет етеді.
Егер мемлекет терең өңдеуді дамыту міндетін қойса, экономикалық модель өңдеу саласына салынған инвестицияның қандай көзден қайтарылатынына жауап беруі тиіс.
Ол бұл мәселені елемеу модернизацияны арзандатпайтынын, тек оны кейінге шегеретінін атап өтті.
Жаңғыртуды ұзақ уақытқа созудың тағы бір тәуекелі – қолданыстағы өңдеу қуаттарын біртіндеп жоғалту.
Айбар Олжаев мұндай үрдіс әлемдік нарықта байқалып отырғанын айтады.