17.09.2026, 16:00

Шымкентте әйел пластикалық отадан кейін бір көзінен айырылды

Фото: BAQ.KZ

Операциядан кейін әйелдің бір көзінің көру қабілеті толық жоғалған. 

Шымкентте тиісті лицензиясы мен маман сертификаты болмай тұрып пластикалық операция жасаған азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Прокуратура мәліметінше, ер адам заң талаптарын бұза отырып, пациентке блефаропластика жасаған. Операциядан кейін әйелдің бір көзінің көру қабілеті толық жоғалған.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап заңсыз медициналық қызмет көрсету салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілікті қарастырады.

Сот шешімімен азамат 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан шеттетілді.

Осыған байланысты прокуратура азаматтарды пластикалық операция жасатпас бұрын маманның біліктілігі мен медициналық лицензиясын тексеруге шақырды.

«Тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ адамдарға жүгіну өмір мен денсаулыққа ауыр зардап әкелуі мүмкін», – деп ескертті ведомство.