Оқиға Мұхамеджанов шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінің төртінші қабатында болған.
Балқаш қаласында көпқабатты үйдің терезесінде қауіпті ойын ойнаған балалардың әрекеті видеоға түсіп қалған. Салдарынан оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға Мұхамеджанов шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінің төртінші қабатында болған. Куәгерлер түсірген кадрлардан қыздардың бірі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы асүй терезесінен балконға шығып, қайтадан кіріп жатқанын қарсы беттегі көршілері байқап қалған.
Қарсы беттегі үйдің тұрғындары балалардың бұл қауіпті қылығына алаңдап, оларға дереу қауіпсіз жерге түсуді ескерткен және бірден полицияға хабарласқан.
Тәртіп сақшылары сегіз жасар балалардың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Енді олар балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін айыппұл төлейді.
Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу және оларға бақылау жасау міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері оқушылардың өзімен де профилактикалық әңгіме жүргізді. Оларға мұндай әрекеттердің қаншалықты қауіпті екені түсіндіріліп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.