$ 444.88  513.26  5.28

Астанадағы ерлі-зайыптының өліміне қатысты тың дерек шықты

"Бәлкім, қашып кеткісі келген шығар".

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы әйелі отбасылық жанжал кезінде көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«7 арнаға» пікір білдірген көршілердің айтуынша, қайғылы жағдайға дейін әйел бірнеше рет подъезге жүгіріп шығып, көмек сұраған. Тұрғындар бұл отбасында бұған дейін де жанжалдар болғанын айтады.

Көршілердің бірі сол күні шамамен сағат 22:30-да пәтерден бірнеше минут бойы айқай-шу естілгенін жеткізді.

«Екі рет, менің түсінгенімше, ол подъезге жүгіріп шықты. Бәлкім, қашып кеткісі келген шығар. Кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Сол кезде бір жағдай болғанын түсіндік», – деді көрші.

Өзге тұрғындар да әйелдің көмек сұрағанын естігендерін айтқан. Олардың сөзінше, артынша ер адамның «Мен не істеп қойдым?» деп айқайлаған дауысы шыққан. Біраз уақыттан кейін үй іші тынышталған.

Төменгі қабатта тұратын Бақжамал Кешірбаева бұл үйде ерлі-зайыпты арасындағы жанжалдың бұрын да болғанын айтты.

«Былтыр жиі еститінбіз. МИБ өкілімен бірге үйлеріне барып, ескерту жасадық. “Ересек адамдарсыздар ғой, мұндайды қойыңыздар” дедік. Кейін оның ішімдік ішетінін білдік. Сол кезде әйелі полиция шақырған, оны екі күнге қамаған», – деді ол.

Алайда көршілердің кейбірі отбасы сырт көзге қалыпты көрінгенін атап өтті. Олардың айтуынша, ерлі-зайыпты үйіне жиі қонақ шақырып тұрған.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, жанжал барысында ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін оның өзі де жарақат алған.

«Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында қайтыс болды», – деп хабарлады полиция департаменті.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауда.

Белгілі болғандай, оқиға кезінде ерлі-зайыптының 14 жастағы ұлы да үйде болған. Отбасында барлығы бес бала тәрбиеленген, олардың төртеуі кәмелет жасына толған. Қазір 14 жастағы жасөспірім аға-әпкелерінің жанында. Оған психологтар көмек көрсетіп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0