Бұл емдеу және оңалту үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді.
Қырғыз Республикасында өткен Қазақстан медицинасының күндері аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтыгың Басқарма төрағасы Рустем Тулеутаев М.Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығында 45 жастағы пациентке шағын ғана 4 см тілік арқылы мини-инвазивті операция жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мини-инвазивті операциялардың басты артықшылығы – тіндердің барынша аз жарақаттануы мен қан жоғалтудың төмен болуы. Бұл емдеу және оңалту үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді. Операция сәтті өтті.
Сонымен қатар, КІА ҒЗИ кардиохирургтары 65 жастағы, 2-типті қолқа қатпарланатын аневризмасы диагнозы қойылған пациентке күрделі ашық операция жасады. Мамандар қолқаның жоғары бөлігін протездеу және қолқа қақпақшасын өз қалпында сақтай отырып, оның пластикасын жасады. Операция 27°C гипотермия жағдайында жүргізілді. Бұл әдіс ағзаларды қорғау мақсатында қан айналымын аса маңызды аймақтарда уақытша тоқтатуға мүмкіндік беріп, ми мен басқа да тіндердің қайтымсыз зақымдану қаупін төмендетеді. Операцияның нәтижесі жақсы болды.
Операциялар екі ел мамандарының бірлескен жұмысы форматында өтіп, практикалық тәжірибемен тікелей алмасуға, заманауи хирургиялық технологияларды көрсетуге және күрделі кардиохирургиялық пациенттерді емдеу тактикасын талқылауға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Бішкекте өткен екі күн ішінде КІА ҒЗИ интервенциялық кардиологтары коронарлық артериялардың күрделі діңдік зақымдануы бар пациентке тамырішілік ультрадыбыстық зерттеуді қолдана отырып, күрделі тері арқылы жасалатын коронарлық араласу жүргізді. Мамандар 2 стентті сәтті имплантациялап, 2 коронарография жасады және 5 пациент консультация алды, ғылыми-практикалық конференцияда бір презентация ұсынылды.
Аритмологтар жүрек өткізгіштігінің ауыр бұзылысы бар пациентке екі камералы электрокардиостимулятор имплантациялау операциясын орындады.
Кардиохирургтар 2 операция жасады: 1 – мини-инвазивті қолжетімділік арқылы және ашық жүрекке жасалған операция, бір презентация
Қазақстан медицинасының күндері екі елдің медицина мамандары арасында тікелей кәсіби диалог орнатып, клиникалық тәжірибе алмасуға және медициналық саладағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.