"Мақсат Ақанов – біртуар талантты жігіт".
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойында болған оқиғадан кейін аты аталған ақын Мақсат Ақановқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өңір басшысы ақынның әрекетіне байланысты өз ұстанымын айтып, Мақсат Ақановқа кешіріммен қарайтынын жеткізді.
«Мақсат Ақанов – біртуар талантты жігіт. Екінің бірі ақын бола алмайды. Оның үстіне суырыпсалма ақын. Мен нақтысын зерттеп көрген жоқпын, бірақ жағдайды естідім. Дөрекі сөйлеген, тіл тигізген деп жатыр. Бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Жеке өз басым сахнаға Мақсат шығып, сынап, қалжыңға айналдырса, мен оны кешірер едім», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Әкім мұндай ұстанымын қазақтың қонақжайлығы мен кеңпейілділігіне қатысты мысалмен түсіндірді.
«Қазақ аңшыдан қашып келе жатқан қоян шарбағына кіріп кетсе де, “құдайы қонағым” деп, қоянға тимейтін болған. Жеке өз басыма тіл тигізген болса, тіпті ойнап болсын, ойнамай болсын, бір талант үшін кешірер едім. Қазақта “Елім дейтін бала керек болса, балам дейтін ел болып ал” дейді. Сондықтан ағайынның пікірлеріне мен еш нәрсе айта алмаймын. Әркімнің өзінің ойы бар», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Нұрдәулет Қилыбай ақынның алты айға айтыстан шеттетілуіне де пікір білдірді.
«Шабам деп тұрған адамға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Себебі олар шабу керек, айтысу керек», – деді әкім.