Ол кейін баланы локомотив кабинасына алып, болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы жүк пойызының машинисі байқап, дер кезінде тоқтаған. Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ҚТЖ мәліметінше, бала иен далада жалғыз өзі Айнабұлақ станциясына қарай бет алған. Осы кезде Тауарасы – Айнабұлақ бағытында келе жатқан жүк пойызының машинисі оны теміржолға жақын жерден көріп қалған.
Пойыздың жылдамдығы сағатына шамамен 38 шақырым болған. Машинист қауіптің алдын алу үшін шұғыл тежегішті басып, құрамды тоқтатқан. Ол кейін баланы локомотив кабинасына алып, болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Айнабұлақ станциясына жеткен соң бала кезекші қызметкерге тапсырылды. Станция қызметкері оның ата-анасымен байланысқа шыққан.
Төрт жасар баланың иен далаға қалай шығып кеткені және теміржол маңында жалғыз қалуына не себеп болғаны әзірге белгісіз.