21.09.2026, 14:20

Теміржол бойында жалғыз жүрген 4 жасар баланың анасы жауапқа тартылды

Фото: видеодан скрин

Үштөбе станциясындағы көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізген.

Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланың ата-анасы табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесіндегі Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.

Жүк пойызының машинисі теміржол бойында жалғыз жүрген бүлдіршінді байқап, пойызды тоқтатқан. Ол баланы локомотив кабинасына алып, кейін станция қызметкерлеріне тапсырған. Қызметкерлер баланың ата-анасымен байланысқа шыққан.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Үштөбе станциясындағы көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізген.

«Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін анасына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды», – деп хабарлады ведомство.

Көлік полициясы теміржол аумағы қауіптілігі жоғары нысандардың бірі екенін ескертті. Мамандар ата-аналарды балаларын, тіпті қысқа уақытқа да, қараусыз қалдырмауға шақырды.