Оның айтуынша, жол мәселесіне қатысты да осындай жүйелі тәсіл қалыптасып келеді.
Соңғы бірнеше жылда мемлекеттік басқару жүйесінде, әсіресе Үкімет жұмысының тәсілінде өзгеріс анық байқалады. Бұған дейінгі «тапсырма беру – орындау» логикасынан біртіндеп «тапсырма беру – тетігін әзірлеу – нақты әрі өлшенетін нәтижеге қол жеткізу» қағидатына көшіп келеміз. Бұл туралы саясаттанушы Борис Поломарчук айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның сөзінше, қарапайым азамат үшін бұл өзгеріс бірден байқала бермеуі мүмкін. Алайда мемлекеттік басқару және жүйелі жұмыс тұрғысынан алғанда, мұның маңызы зор.
«Тапсырманың өзі ештеңені өзгертпейді. Егер одан кейін нақты жауапкершілік жүйесі, қаржыландыру, мерзім және бақылау тетіктері қалыптаспаса, тапсырманың қайда кеткені белгісіз болып қалады. 19 қыркүйекте Президенттің сенбілік кезінде берген тапсырмаларынан кейін Үкімет тек жекелеген мәселелерді талқылап қана қоймай, оларды нақты бағыттарға бөліп қарастырды. Оның ішінде әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экологиялық мәдениет, құрылыс, тіпті урбанистика мәселелері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасында урбанистика мәселесінің жиі кездесе бермейтіні белгілі, демек бұл мәселе де өзекті деңгейге жеткен», – деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, жол мәселесіне қатысты да осындай жүйелі тәсіл қалыптасып келеді. Әр бағыт бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлер айқындалып, барлық жұмысты үйлестіру бірінші Премьер-министрдің орынбасарына жүктелген.
Әлеуметтік қолдауда атаулы көмекке басымдық беріледі
Сарапшы әлеуметтік саясатты мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, мұнда мәселе тек төлем көлемін арттыруда емес, көмекті нақты мұқтаж азаматтарға жеткізуде болып отыр.
Қазіргі таңда 36 түрлі әлеуметтік төлемнің 14 түрін мұқтаждық қағидатына көшіру жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт бағытқа біріктіру көзделіп отыр.
«Мемлекет енді қанша қаражат жұмсалып жатыр деген сұрақты ғана қоймайды. Негізгі мәселе – бұл қаражат шынымен көмекке мұқтаж адамға жетті ме деген сұрақ. Әлеуметтік әділеттілік дегеніміз – барлығына бірдей мөлшерде беру емес. Кей жағдайда әділеттілік – көбірек қолдауды қажет ететін адамға көбірек көмек көрсету. Сонда ол өз аяғына тұра алады», – деді Борис Поломарчук.
Оның пікірінше, Қазақстанның әлеуметтік саясаты біртіндеп осы бағытқа бет алып келеді. Көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауда цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылмақ.
Мәселен, отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтарға қандай әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер тиесілі екені туралы SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы ақпарат беру жоспарланған.
«Бұл өте маңызды қадам. Өйткені әсіресе еліміздің шалғай өңірлерінде азаматтар өздеріне қандай әлеуметтік төлемдер тиесілі екенін білмей, тиісті көмекті пайдаланбайтын жағдайлар бар», – деді ол.
Цифрландыру әлеуметтік көмектің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді
Саясаттанушы цифрлық технологиялардың әлеуметтік саладағы тағы бір маңызды артықшылығына тоқталды.
Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету кезінде цифрлық құралдардың көмегімен бірқатар заң бұзушылық анықталған. Жасанды интеллект технологиясы медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты шамамен 170 жағдайды анықтауға мүмкіндік берген. Сонымен қатар әртүрлі адамдардың деректерінен қайталанатын сәйкестіктер де табылған.
«Бұған дейін жүйедегі ақпараттар шашыраңқы болды. Қазір оларды бірыңғай жүйеге келтіріп, осындай заңсыз әрекеттерді анықтауға мүмкіндік пайда болды. Мұның барлығы бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге ықпал етеді», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, әлеуметтік саладағы цифрландыру азаматтарға қолайлы жағдай жасаумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік бюджетті тиімсіз және мақсатсыз жұмсаудан қорғаудың да құралына айналып келеді.
Сонымен қатар саясаттанушы әлеуметтік міндеттемелерді орындау мемлекет үшін басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.
Биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге 1,6 трлн теңге қарастырылған. Ал амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмек алатын азаматтардың саны 2018 жылғы 1,9 млн адамнан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін өскен.
«Әлеуметтік саясаттың тиімділігі игерілген бюджет көлемімен емес, нақты адамның өмірі қаншалықты өзгергенімен өлшенеді. Бұл – мемлекет үшін ең маңызды сынақ. Қаражатты көбейтіп, ақша шығара беруге болады, бірақ нақты нәтиже болмаса, оның пайдасы шамалы», – деді Борис Поломарчук.
Оның айтуынша, қазіргі басты мәселенің бірі – цифрлық атаулылық негізсіз төлемдерді қысқартумен қатар, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтардың әлеуметтік қолдау жүйесінен тыс қалмауын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік басқаруда үйлестірудің маңызы артып келеді
Сарапшы мемлекеттік басқару жүйесін оркестрмен салыстырды.
«Әр музыкант өз партиясын жақсы орындағанымен, барлығы әртүрлі әуен ойнаса, нәтижесінде үйлесімді музыка шықпайды. Сондықтан олардың бір музыканы орындауы маңызды. Мемлекеттік басқаруда да ведомствоаралық үйлестірудің маңызы өте зор», – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі модельде осындай өзара байланыс қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы саяси міндеттерді айқындайды, Үкімет оларды нақты жұмыс бағыттарына айналдырады, Құрылтай қажетті заңнамалық негізді әзірлеуге қатысады, министрліктер тиісті тетіктерді әзірлейді, ал әкімдіктер оларды жергілікті жерде іске асырады. Сонымен қатар жекелеген лауазымды тұлғаларға үйлестіру міндеті жүктеледі.
«Жүйе дәл осылай жұмыс істеуі керек. Қазір осындай жүйелі тетіктің қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз», – деді саясаттанушы.
Үкіметтегі соңғы кеңестің қорытындысы бойынша тапсырмалардың орындалуын үйлестіру нақты түрде бірінші Премьер-министрдің орынбасарына бекітілген. Бұл ретте енді тек тапсырманың орындалған-орындалмағанын ғана емес, оның сапасын да бағалауға мүмкіндік беретін құралдар енгізіліп жатыр.
«Таза Қазақстан» аясында өңірлердің экологиялық рейтингі енгізілмек
Борис Поломарчук экологиялық күн тәртібіне де тоқталды.
Оның айтуынша, Президент «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұлттық тазалық стандартын әзірлеу қажеттігін айтты. Ол бес негізгі бағытты қамтуы тиіс: экологиялық ағарту, волонтерлік, тазалық пен абаттандыру, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы.
Әр бағыт бойынша жауапты мемлекеттік орган белгіленіп, жалпы үйлестіру Үкімет деңгейінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» аясында өңірлердің экологиялық рейтингін әзірлеуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды.
Рейтингте халықты қоқыс жинау қызметтерімен қамту деңгейі, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткіштері, қоқыс полигондарының жағдайы, азаматтардың экологиялық акцияларға қатысуы, сондай-ақ TazaQazBot арқылы келіп түскен өтініштердің орындалуы сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Сарапшының айтуынша, бұл мемлекеттік органдардың жұмысын нақты өлшемдер арқылы бағалауға мүмкіндік береді.
«Енді мәселені Президенттің тапсырмасы бар ма, жоқ па деп қою жеткіліксіз. Ең бастысы – сол тапсырма бойынша нақты көрсеткіштер кестесін ашып, онда міндет, жауапты тұлға, қаржыландыру, мерзім және азамат үшін нақты нәтиже көрсетілгенін көру. Мемлекет қазір осы процесті қалыптастыруға тырысып жатыр», – деді ол.
Саясаттанушының пікірінше, егер бұл жүйе толыққанды іске қосылса, мемлекеттік басқаруда тапсырманы орындаудан нәтижені басқаруға көшуге мүмкіндік туады.
«Бұл – мемлекеттік менеджменттің мүлде басқа деңгейі. Біз қазір осындай жүйені қалыптастыру жолындамыз. Әрине, ол бір күнде құрылмайды. Сондықтан осы процестегі үйлестіру деңгейі аса маңызды», – деп түйіндеді Борис Поломарчук.