$ 448.44  514.81  5.33

«Дәрілер көмектеспейді»: Астанада краннан құлаған әйел жанайқайын жеткізді

"Алла алып кетсе кен деп тілеймін". 

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Астанада құрылыс кранынан құлап, ауыр жарақат алған Ақмарал Қарабалиеваның жағдайы өте ауыр. Үш баланың анасы апаттан кейін бір аяғынан айырылып, бірнеше ота жасатқан. Ол құрылыс компаниясынан тиісті өтемақы төлеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиға 31 тамызда Астанада болған. Құрылыс кранынан құлаған Ақмарал Қарабалиева ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Әйелдің айтуынша, ол бір айға жуық уақыт ішінде бес рет ота жасатқан. Бір аяғын кесуге тура келген. Сонымен қатар бүйрегі зақымдалып, денесінің басқа да бөліктері жарақаттанған.

Ақтөбеден Астанаға қоныс аударған әйелдің артында үш баласы бар. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр. Оның айтуынша, қымбат дәрі-дәрмекке кететін шығыннан бөлек, отбасының мойнында 19 миллион теңге көлемінде ипотекалық қарыз бар.

Ақмарал бұл жұмысты табысы жоғары болғандықтан таңдағанын айтады. Оның сөзінше, тұрмысын қамтамасыз ету үшін құрылыс саласында жұмыс істеуге мәжбүр болған.

«Айлығы сәл дұрыстау болған соң, қиын болса да, осы жұмысқа кіріп, жан бағып жүрдім», – деді ол.

Әйелдің айтуынша, оқиға кезінде кран кабинасында үш адам болған. Слесарь сол жерде көз жұмған, ал тағы бір жұмысшы үйіне жіберілген.

Ақмарал апатқа дейін техниканың жағдайына қатысты ескерту жасағанын мәлімдеді. Алайда оның сөзінше, басшылық жұмысты тоқтатуға келіспеген.

«Мен әу бастан айттым, кран әлсіз бекітілген деп. Алайда басшылық: “Жоқ, бар жұмысты бүгін бітіріп тастауымыз керек” деп, маған жекіді. Сөйтіп бекітілмеген кранға үшеуіміз міндік. Техника салмағымызды көтере алмады», – деді әйел.

Қазір Ақмарал құрылыс компаниясынан тиісті өтемақы талап етіп отыр. Оның айтуынша, жұмыс беруші әзірге үш айлық жалақысын ғана төлеген. Ал өзге төлемдер мен материалдық көмек мәселесі шешілмеген.

Жәбірленушінің сөзінше, компания өкілдерімен байланысу да қиындаған. Онымен бірге жұмыс істеген кейбір қызметкерлер де оқиғаға қатысты нақты ақпарат бере алмаған.

Ал Астана қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Рустам Жандосовтың айтуынша, әйелдің еңбек шарты мен сақтандыруы бар. Сондықтан заңда көзделген тиісті төлемдер қарастырылған.

«Жұмыскердің заңды түрде еңбек шарты бар және сақтандыру шарты бар. Еңбек кодексінде көзделген төлемдер төленеді. Ипотека төлеу мәселесі бойынша жұмыскер мен жұмыс беруші екеуі келіседі. Себебі еңбек заңнамасында ондай төлемдер көзделмеген», – деді Рустам Жандосов.

Қазір бұл жағдай бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ақмарал ауруханадан шыққаннан кейін медициналық сараптама жүргізіледі. Дәрігерлер оның еңбекке қабілеттілігін қанша пайызға жоғалтқанын анықтайды.

Осыдан кейін әйелге ай сайын төленетін өтемақы көлемі белгіленбек. Оның мөлшері бұрынғы жалақысы мен еңбек қабілетінен айырылу деңгейіне байланысты есептеледі.

Үш баланың анасы қазір ең алдымен денсаулығын қалпына келтіруді және заң бойынша тиісті өтемақы алуды көздеп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#әйел #Астана