24.09.2026, 16:00

«Ақша Ұлданамды қайтармайды»: Астанада қаза тапқан фельдшердің анасы сотта сөз сөйледі

Фото: видеодан скрин

"Мен сот залына біреуден кек алу немесе біреуді айыптау үшін келген жоқпын".

Астанада ғимарат қасбетінің опырылуы салдарынан қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдананың анасы сот жарыссөзінде сөз сөйледі. Марқұмның анасы сотталушыдан материалдық және моральдық өтемақы талап етпейтінін айтып, егер оның кінәсі дәлелденсе, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сотта сөз алған әйел үшін қызының өлімі туралы айту өте ауыр екенін жеткізді. Ол сотқа кек алу немесе біреуді алдын ала кінәлау үшін келмегенін айтты.

Марқұмның анасының сөзінше, қандай да бір өтемақы қызының орнын толтыра алмайды.

«Мен сот залына біреуден кек алу немесе біреуді айыптау үшін келген жоқпын. Моральдық өтемақы да талап етпеймін. Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Ешқандай өтемақы оның күлкісі мен дауысын қайтара алмайды. Мен қызымның өмірін ақшамен өлшей алмаймын. Мен тек шындық пен әділдікті қалаймын», – деді ол.

Әйел соттан істің барлық мән-жайын толық зерттеп, шешімді заң талаптарына сай шығаруды сұрады.

Ол сотталушы Сәуле Жұбаниязованың кінәсі дәлелденбеген жағдайда, оны жауапкершіліктен босатуды өтінді. Ал кінәсі дәлелденсе, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

«Сәуле Жұбаниязова да ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Мен қызымнан айырылдым. Бірақ оның балалары анасы тірі бола тұра, одан айырылғанын қаламаймын», – деді жәбірленуші.

Марқұмның анасы Ұлдананың бала кезінен медицина саласында жұмыс істеуді армандағанын айтты. Қыз фельдшер мамандығын саналы түрде таңдап, өз кәсібіне адал болған.

Қайғылы оқиға болған күні 23 жастағы фельдшер зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін қызметтік шақыртумен оқиға орнына барған.

«Ол адамдарға көмектесу үшін, өз жұмысы аясында кәсіби борышын атқару үшін барды», – деді анасы.

Ұлдана қайтыс болғаннан кейін көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Сөзінің соңында марқұмның анасы соттан істің барлық мән-жайын жан-жақты анықтап, әділ шешім шығаруды сұрады.