Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде кемеден түсірілген бір топ әскери қызметшіні толқын теңізге алып кеткен. Оқиға Каспий теңізінің жағалауында болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы "Ақжайық" сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы блогер Азамат Сарсенбаев Instagram парақшасында хабарлады. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандар бар деген ақпарат тараған.
Жарияланған хабарлама скриншотындағы мәліметке сәйкес, оқиға 24 қыркүйекте Ақтаудан шамамен 43 шақырым қашықтықтағы Каспий жағалауында болған. Әскери қызметшілер «Қайсар» кемесінен жағалауға түсірілу жаттығуын орындаған.
Алдын ала ақпарат бойынша, ауа райының күрт нашарлауынан соққан толқын 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Сондай-ақ сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, сегіз адамның денесі табылғаны айтылған. Алайда хабарламада бұл ақпараттың нақтылануы қажет екені және қаза тапқандардың жеке тұлғасы анықталып жатқаны көрсетілген.
Іздеу-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, үш жүзу құралы, төрт әскери кеме және Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы тартылған. Сонымен қатар «Қазавиақұтқару» тікұшағын ұшыру жоспарланған.
Оқиғаға қатысты толық әрі нақты ақпарат әзірге нақтыланып жатыр.
Қорғаныс министрлігі Lada.kz редакциясының сауалына берген жауабында оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме дайындап жатқанын хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы басталғаны хабарланған болатын. Оған 500-ден астам әскери қызметші, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті және Әуе қорғанысы күштері қатысып жатыр.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және олардың өзара іс-қимылын пысықтау.