Теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен.
Қорғаныс Министрлігі Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"24 қыркүейк күні Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа-райының күрт нашарлауы және желдің күшейуіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз. Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі. Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай беріледі. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз", - делінген хабарламада.