24.09.2026, 18:00

«Балаларынан тірідей айырылғанын қаламаймын»: Ұлдана Мырзуанның анасы сотта өтініш жасады

Фото: Видеодан алынған кадр

Сәлима Ешенқұлова соттан істің мән-жайын толық әрі жан-жақты қарастырып, әділ шешім қабылдауды сұрады.

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі жалғасып жатыр. Отырыста марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова мен бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел сөз сөйледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сәлима Ешенқұлова соттан істің мән-жайын толық әрі жан-жақты қарастырып, әділ шешім қабылдауды сұрады. Сонымен қатар ол Сәуле Жұбаниязова кінәлі деп танылған жағдайда, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды өтінді.

«Сәуле Жұбаниязова да ана, мен де анамын. Оның екі баласы бар. Мен Алланың, тағдырдың қалауымен қызымнан айырылдым. Ал оның балаларының анасынан тірідей айырылғанын қаламаймын. Егер кінәлі деп танылса, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймын. Ақша менің Ұлданамды қайтармайды, ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын, тынысын қайтара алмайды», – деді Сәлима Ешенқұлова.