Сондықтан сарапшы Қазақстандағы TC тарифін анықтау жүйесінің міндеті ішкі нарықты әлемдік экономикадан оқшаулау немесе белгілі бір кәсіпорынның табыстылығына кепілдік беру емес деп есептейді.
Әлемдік мыс нарығында концентратты бастапқы өңдеу мен балқытуға төленетін Treatment Charges (TC) тарифі тарихи минимумға дейін төмендеді. Алайда бұл металлургиялық өңдеудің нақты құны арзандады дегенді білдірмейді. Сарапшы Юрий Масанов Қазақстанда TC тарифін есептеу кезінде әлемдік нарықтағы көрсеткіштерді тікелей қолдану дұрыс емес деп есептейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Treatment Charges немесе TC – металлургиялық шикізатты, соның ішінде мыс немесе мырыш концентратын балқыту зауытында бастапқы өңдеу мен балқыту үшін алынатын төлем.
Юрий Масановтың айтуынша, қазір Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесіне байланысты екі негізгі мәселе талқыланып жатыр. Біріншісі – әлемдік TC нөлге жақындаған жағдайда ішкі тариф металлургиялық кәсіпорынның нақты шығындарын ескеруі керек пе деген сұрақ. Екіншісі – алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа да ілеспе өнімдерден түсетін табысты өңдеу тарифінен автоматты түрде шегеру қаншалықты дұрыс деген мәселе.
«Екі сұрақ та қисынды көрінеді. Бірақ оларға жауап беру үшін қызметтің нарықтық бағасы мен өндірістің нақты экономикасын бір-бірінен ажырата білу керек. Биыл әлемдік TC көрсеткіші алғаш рет бір тонна концентрат үшін нөл доллар деңгейінде белгіленді, ал споттық мөлшерлемелер 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр. Бұл ретте мыстың өзінің бағасы әлемдік нарықта жоғары деңгейде», – дейді Юрий Масанов.
Сарапшының пікірінше, TC көрсеткішінің төмендеуі концентрат өңдеудің өзіндік құны жойылды деген сөз емес. Бұл ең алдымен әлемдік нарықтағы шикізат пен мыс балқыту қуаттарының арақатынасына байланысты қалыптасқан баға.
Қазір әлемдік нарықта мыс концентратына сұраныс жоғары. Өңдеу кәсіпорындарының саны мен қуаты қолжетімді концентрат көлемінен артық болғандықтан, зауыттар шикізат үшін өзара бәсекелесіп, өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында TC мөлшерлемесін төмендетуге мәжбүр.
Бұл жағдайға Қытайдағы металлургиялық өндірістің кеңеюі де айтарлықтай ықпал еткен.
«Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттарының өсімінің 90%-дан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. 2025 жылға қарай оның әлемдік қуаттардағы үлесі шамамен 50%-ға жетті. Бірақ TC тарифінің төмендеуі электр энергиясына, отынға, персоналға, жөндеуге, реагенттерге, экологиялық инфрақұрылым мен жаңғыртуға кететін шығындарды жойған жоқ. Нарықтағы өңдеу төлемі нөлге түсті, бірақ өңдеудің өзіндік құны жоғалған жоқ», – деді сарапшы.
Осы себепті Юрий Масанов қазіргі әлемдік TC көрсеткішін Қазақстандағы мыс концентратын өңдеудің ұзақмерзімді құнын анықтайтын негізгі бағдар ретінде автоматты түрде қолдануға болмайтынын айтады.
Тағы бір маңызды мәселе – концентратты өңдеу барысында алынатын алтын, күміс, күкірт қышқылы және өзге де өнімдерден түсетін кіріс.
Бір қарағанда, металлургиялық кәсіпорын ілеспе өнімдерден қосымша табыс алса, сол соманы өңдеу құнынан шегеру қисынды болып көрінуі мүмкін. Алайда сарапшы табыс пен таза пайданың бір ұғым емес екенін еске салады.
«Тауарлық өнім алу үшін қосымша технологиялық өңдеу кезеңдері, жабдық, электр энергиясы, реагенттер, персонал, экологиялық инфрақұрылым және инвестиция қажет. Сонымен қатар мұндай кірістің көлемі нақты концентраттың құрамына, пайдалы компоненттерді бөліп алу коэффициентіне және нарықтағы бағаға тәуелді. Халықаралық энергетикалық агенттік те TC іс жүзінде нөлге түскеннен кейін балқыту кәсіпорындары ілеспе өнімдерден түсетін кіріске көбірек тәуелді бола бастағанын атап өтеді. Алайда мұндай кірістердің өзі тұрақсыз», – дейді Юрий Масанов.
Сарапшы мысты бөліп алу тиімділігіне де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстандағы кейбір қолданыстағы кәсіпорындарда технологиялардың бір бөлігі ескіргендіктен, металды бөліп алу коэффициенті заманауи өндірістермен салыстырғанда төмен.
Алдыңғы қатарлы Қытай кәсіпорындарында мысты бөліп алу деңгейі шамамен 98-99%-ға дейін жетсе, қазақстандық зауыттарда бұл көрсеткіш 95-96% шамасында.
Юрий Масановтың сөзінше, бірнеше пайыздық айырмашылық аз көрінуі мүмкін. Бірақ үлкен көлемдегі шикізатты өңдеген кезде бұл жаңғырту арқылы қосымша өндіруге болатын айтарлықтай металл көлемін білдіреді.
«Ілеспе өнімдерден түсетін барлық кірісті TC тарифін төмендететін көз ретінде автоматты түрде есептеу экономикалық тұрғыдан дұрыс емес. Оның үстіне мұнда кері ынталандыру пайда болады: кәсіпорын шикізат құрамындағы компоненттерді неғұрлым тиімді бөліп алып, өңдеу тереңдігін арттырған сайын, негізгі өңдеу үшін алатын төлемі соғұрлым төмендейді. Мұндай модель терең өңдеуге салынатын инвестицияны ынталандырудың орнына, керісінше, шектеуі мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Масановтың пікірінше, қазіргі мәселе нақты TC мөлшерлемесіне қатысты даудан әлдеқайда кең. Заманауи мыс балқыту кәсіпорындары біртіндеп стратегиялық маңызы бар өндірістік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып келеді.
Олар тек негізгі металл өндіріп қана қоймайды. Сонымен қатар бірқатар маңызды ілеспе компоненттерді бөліп алады, өндірістік тізбектің кейінгі сатыларын шикізатпен қамтамасыз етеді және қайталама шикізатты қайта өңдеу мүмкіндігін қалыптастырады.
Сонымен бірге әлемдік мыс балқыту саласы күрделі қысымға тап болып отыр. Мыс бағасы жоғары деңгейде тұрғанына қарамастан, өңдеу үшін төленетін ақы тарихи минимумға түсті. Сарапшы бұл жағдай ұзаққа созылса, тәуелсіз мыс балқыту кәсіпорындарының қаржылық жағдайына қысым күшеюі мүмкін екенін атап өтті.
Осы тұста Қазақстан үшін негізгі сұрақ – елдегі металлургияның ұзақмерзімді экономикасы әлемдік нарықтағы уақытша теңгерімсіздікке байланысты қалыптасқан бағаға тәуелді болуы керек пе деген мәселе.
«Әлемдік TC қолжетімді концентрат көлемі мен балқыту қуаттарының арақатынасын, зауыттардың шикізат үшін бәсекесін және нарық қатысушыларының келіссөз жүргізудегі мүмкіндігін көрсетеді. Бұл – нарықтық баға сигналы, бірақ өңдеуге кететін нақты шығындардың көрсеткіші емес. Оны Қазақстандағы ішкі тариф әдістемесінің негізіне тікелей енгізу отандық металлургия экономикасын құбылмалы әлемдік конъюнктураға байлап қою деген сөз», – дейді сарапшы.
Юрий Масанов алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа да өнімдерден түсетін кірістерді де өңдеу ақысының тікелей баламасы деп қарастыруға болмайтынын атап өтті.
Бұл кірістер концентраттың құрамына, қолданылатын технологияға, пайдалы компоненттерді бөліп алу деңгейіне, қосымша өндірістік шығындарға және әлемдік бағаларға байланысты өзгеріп отырады.
Сондықтан сарапшы Қазақстандағы TC тарифін анықтау жүйесінің міндеті ішкі нарықты әлемдік экономикадан оқшаулау немесе белгілі бір кәсіпорынның табыстылығына кепілдік беру емес деп есептейді.
«Міндет – анағұрлым күрделі. Ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыру қажет. Бір жағынан, кен өндіру бәсекеге қабілетті болып қалуы керек. Екінші жағынан, ел ішіндегі металлургиялық өңдеудің жұмыс істеуге, жаңғыртуға және жаңа қуаттарға инвестиция салуға экономикалық мүмкіндігі болуы қажет», – деді Юрий Масанов.
Оның пікірінше, тарифті есептеу әдістемесінің нақты параметрлері ашық талқылануы тиіс. Кәсіпорындардың шығындары негізделіп, инвестициялар түсінікті әрі ашық болуы, ал нарық қатысушылары қандай қызмет үшін төлем жасайтынын нақты білуі қажет.
Сонымен бірге металлургиялық өндірістің бүкіл экономикасын бір ғана әлемдік TC көрсеткішіне тәуелді етуге болмайды.
«Нөлдік TC – концентрат пен балқыту қуаттарының қазіргі арақатынасын көрсететін белгі ғана. Ол өңдеу тегін болды дегенді білдірмейді. Қазақстан тек мыс шикізатын өндірумен шектелмей, металлургияны және өндірістік тізбектің кейінгі сатыларын ел ішінде сақтап, дамытқысы келсе, осы айырмашылықты міндетті түрде ескеруі керек», – деп қорытындылады Юрий Масанов.