Эльмир Шахсуваров Ақтау маңында AZAL ұшағы апатқа ұшыраған кезде қазақстандықтардың көрсеткен көмегін де еске алды.
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында әскери қызметшілерді іздеу жұмыстарына қатысып жатқан азаматтарға әзербайжан диаспорасының өкілдері көмек көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтауда тұратын әзербайжандықтар іздеу орнына азық-түлік пен ауызсу жеткізген. «Достлуг» диаспорасының өкілі Эльмир Шахсуваров олардың қайғылы жағдай туралы естіген бойда қол ұшын беруге келгенін айтты.
— Біз Ақтауда тұрып, еңбек етіп жүрміз. Сондықтан шетте қала алмадық. Әзербайжандықтар жиналып, әркім қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Азық-түлік пен су әкелдік. Барлық қаза тапқан әскери қызметшілер табылғанға дейін осында боламыз. Біз — бауырлас халықпыз, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек, — деді ол.
Эльмир Шахсуваров Ақтау маңында AZAL ұшағы апатқа ұшыраған кезде қазақстандықтардың көрсеткен көмегін де еске алды. Алайда ол қазіргі қолдау бұрынғы жақсылықтың қарымтасы емес екенін атап өтті.
— Бұл тек AZAL ұшағына көрсетілген көмек үшін жасалып жатқан жоқ. Біз осында тұрып, жұмыс істейміз. Сондықтан көмектесуге міндеттіміз, — деді диаспора өкілі.