$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

Шымкентте төрт ірі өндіріс іске қосылды: инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асты 1-бөлім

Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Фото: Шымкент әкімдігі
Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкентте бір күнде төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мегаполистің өнеркәсіп картасы жаңа өндіріс орындарымен толықты. Алғашқы нысан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» ЖШС-нің жаңа өндірістік кешені болды. Кәсіпорын макулатураны қайта өңдеп, картон қаптама өндіруге маманданған. Жоба қолданыстағы өндірісті кеңейту аясында жүзеге асырылып, қаладағы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, өндірістік желілер іске қосылды. Негізгі мақсат – еліміздің оңтүстік өңірлерін отандық өндірістен шыққан сапалы қаптама өнімдерімен қамтамасыз ету. Кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылды.

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрмановтың айтуынша, жоба аясында кәсіпорынға арнайы экономикалық аймақтан жер телімі беріліп, қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған.

Келесі нысан – «Жұлдыз» индустриялық аймағында шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған жаңа өндірістік алаң.

«ORDA NS BUILDING» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өндіріс секторын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және заманауи индустриялық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында кәсіпкерлерге пайдалануға дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосу мен жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 13 млрд теңге. Оның алғашқы кезеңіне 8,3 млрд теңге бағытталған.

Бұдан кейін қала әкімі «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы аккумуляторларды кәдеге жаратып, қайта өңдейтін зауыттың жұмысымен танысты.

«Шымкент аккумуляторларды кәдеге жарату зауыты» ЖШС-нің жаңа өндірістік кешені пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық қауіпсіз жолмен қайта өңдеуге және алынған шикізатты өндірістік айналымға қайта енгізуге бағытталған.

Жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын құрылысына көлемі 2 гектардан асатын жер телімі бөлінген. Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін жылына 50 мыңға дейін аккумуляторды қайта өңдей алады. Мұнда 60 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жұмыс сапарының соңғы нысаны – алюминий профильдерін өндіретін «Himmel Aluminium» зауыты болды. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне де қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Зауыт өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға және ішкі нарықты сапалы отандық металл өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған ірі инвестициялық жоба аясында салынған.

Кәсіпорын құрылысына 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Толық өндірістік қуатына шыққан кезде зауыт жылына шамамен 4 мың тонна алюминий профилін өндіре алады. Мұнда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Осылайша, Шымкентте жалпы инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асатын төрт жаңа өндірістік нысан іске қосылды. Жобалар жүздеген адамды жұмыспен қамтып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық өндірістің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0