2026 жылы Шымкент қаласында жалпы 102 мың шаршы метр болатын 1 243 пәтерлі 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Шымкентте тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қалада тұрғын үй саясаты жаңа көпқабатты үйлер салумен қатар, апатты және тозығы жеткен баспаналарды жаңартуға, құрылыс сапасын бақылауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2026 жылы Шымкент қаласында жалпы 102 мың шаршы метр болатын 1 243 пәтерлі 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 12-сі Тұран шағын ауданында, 20-сы Бозарық шағын ауданында орналасқан. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар мен кредиттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 771 пәтер сатып алу көзделген. Ресми мәлімет бойынша, оның 720-сы қазірдің өзінде сатып алынған, қалған 51 пәтерді жыл соңына дейін алу жоспарланып отыр.
Қаладағы тұрғын үй құрылысының жалпы қарқыны да жоғары. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Шымкентте 708,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Оның ішінде 138,2 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі.
Алайда қаланың тұрғын үй саясаты тек жаңа үйлер салумен шектелмейді. Шымкентте бұрыннан бар тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі де өзекті. Қалада апатты деп танылған 66 көпқабатты тұрғын үйді кезең-кезеңімен бұзып, олардың тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілген. 2026 жылы реновация бағдарламасы аясында 13 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Қазір Еңбекші ауданында инвесторлардың қаражаты есебінен жаңа үйлер салынып, тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Реновацияның негізгі мақсаты – ескі ғимараттарды жай ғана бұзып, орнына жаңа үй салу емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жағдайын жақсарту. Бұған дейінгі ресми түсіндірулерде жаңа пәтерлердің көлемі мен бөлме саны бұрынғы баспанамен бірдей болатыны, ал жаңа тұрғын үйдің орташа есеппен 20 шаршы метрге кең болуы қарастырылғаны айтылған.
Құрылыс сапасы да тұрғын үй саясатының маңызды бөлігіне айналып отыр. Қазіргі таңда қала бойынша кепілдік мерзімі бар 175 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. 2026 жылдың басынан бері олардан 318 кемшілік анықталып, оның 310-ы мердігер ұйымдар тарапынан түзетілген. Қалған ақаулар бойынша жұмыстар жалғасуда.
Сонымен бірге Шымкентте тұрғын үйлердің техникалық жағдайын бағалау және қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жүргізіледі. Биыл 54 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Бұл әсіресе ұзақ жылдар бұрын салынған ғимараттардың жағдайын бағалап, олар бойынша тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту барысында үйлердің ортақ мүлкін жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңарту және лифтілерді ауыстыру мәселесіне де көңіл бөлінуде. 2026 жылы 31 тұрғын үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеуден өткізу және 26 тұрғын үйдегі тозығы жеткен 37 лифті ауыстыру жоспарланған.
Осылайша, Шымкенттің тұрғын үй саясаты бірнеше бағытты қатар қамтып отыр: жаңа үйлер салу, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету, апатты ғимараттарды реновациялау және қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңғырту. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үй ортасын қалыптастыру.