30.09.2026, 17:35

Қазақстан Орталық Азия экономикасының 53,7%-ын қалыптастырады – сарапшы

Фото: Әлеуметтік желі

Сарапшының айтуынша, кейінгі жеті жылда Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер кезеңінен өтті.

Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшылық позициясын нығайтып, өңір дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Мұндай пікірді қазақстандық саясаттанушы, халықаралық журналист Эдуард Полетаев білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшының айтуынша, кейінгі жеті жылда Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер кезеңінен өтті. Пандемияға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық пен геосаяси шиеленіске қарамастан, елде мемлекеттік институттарды жаңғырту және ішкі теңгерімсіздіктерді жою жұмыстары жүргізілді.

Полетаев әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге ерекше назар аударды. Оның мәліметінше, жеті жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 29%-ға өсіп, Қазақстан экономикасының көлемі 306 млрд долларға жетті. Ұлттық қор активтері мен алтын-валюта резервтері 138 млрд доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-дан жоғарылады.

Инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар да қарқын алды. 2019 жылдан бері елде 1 млн оқушыға арналған 1342 мектеп, 1200-ден астам медициналық нысан ашылды. 35 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөнделді. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін өсті.

Саясаттанушы Қазақстанның адами даму индексі бойынша Орталық Азиядағы жалғыз «өте жоғары» көрсеткішке ие мемлекет екенін атап өтті. Ел БҰҰ рейтингінде 193 мемлекеттің арасында 60-орын алды. Сондай-ақ Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға дайындық және ғылыми белсенділік көрсеткіштері бойынша өңірде көш бастап тұр.

«Цифрлар мен нақты деректер Қазақстанның Орталық Азиядағы сөзсіз экономикалық көшбасшы екенін көрсетеді. Ел өңірдің даму қарқынын белгілеп қана қоймай, оның негізгі экономикалық қозғалтқышына айналды», – деп жазды Эдуард Полетаев.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 360,4 млрд долларға жетіп, әлемде 49-орын алуы мүмкін. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда 181,5 млрд, Түрікменстанда 83,1 млрд, Қырғызстанда 23,6 млрд, ал Тәжікстанда 20,4 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр.

Қазақстанның үлесіне Орталық Азия елдерінің жиынтық номиналды жалпы ішкі өнімінің 53,7%-ы тиесілі. Бұл Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жиынтық үлесінен екі еседен астам жоғары.

Сарапшы банк жүйесі мен сыртқы сауда көрсеткіштерінде де Қазақстанның басымдығы сақталғанын жеткізді. Елдегі банк активтері 140 млрд, несие портфелі 86 млрд долларды құрайды. 2025 жылы сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларға жетті. Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы 5,3 млрд доллардан 8,8 млрд долларға дейін, яғни 67%-ға өсті.

Шетелдік инвестиция көлемі бойынша да Қазақстан өңірде бірінші орында. 2024 жылы Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 68,6%-ы Қазақстанға тиесілі болды. 2025 жылдың қорытындысында елдегі жинақталған шетелдік инвестиция көлемі 156,4 млрд долларға жетті.

Эдуард Полетаевтың пікірінше, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін кеңейту, көлік-логистика, IT, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция тарту Қазақстанның өңірдегі жетекші орнын одан әрі нығайта түседі.