30.09.2026, 22:10

Президент Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйледі

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

Қазақстан Президентінің Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары бизнес, өнеркәсіп және технология көшбасшыларының басын қосқан Қазақстан-Бавария технологиялық форумымен қорытындыланды, деп жазды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрасымен, берік дәстүрлерімен және жаңашылдық рухымен үйлесім тапқан бірегей өңір деп атады.

– Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүние жүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

– Қазақстан бұл аймаққа, негізінен, мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.