01.10.2026, 15:30

Тоқаевтың жеті жылдық сыртқы саясаты: Қазақстан халықаралық аренада қалай өзгерді?

Фото: Ақорда

"Бұл кезеңге тұтастай қарайтын болсақ, Қазақстанның сыртқы саясатында күрт бетбұрыс болды деп айтпас едім".

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңінде Қазақстан күрделі геосаяси жағдайда көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырып, халықаралық серіктестермен байланысын кеңейтті. Осы жеті жылда еліміздің әлемдік аренадағы орны қалай өзгерді? Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі жетістіктері қандай? Бұл туралы Sn.kz тілшісі саясаттанушы, халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Мұрад Шамиловпен сұхбаттасты

1. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық сыртқы саяси қызметін бағалайтын болсақ, Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясында қандай негізгі өзгерістер болды?

Бұл кезеңге тұтастай қарайтын болсақ, Қазақстанның сыртқы саясатында күрт бетбұрыс болды деп айтпас едім. Біз мүлде басқа халықаралық жағдайға бейімделген сыртқы саясатты көріп отырмыз. Президент Тоқаев билікке елдің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттар жүйесі қалыптасып қойған кезде келді. Оның қалыптасуына Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі бұған дейін көп жыл бойы тікелей қатысты. Сондықтан бұл бағыттан бас тарту дұрыс та, ұтымды да болмас еді.

Көпвекторлылық, прагматизм, ашықтық және түрлі күш орталықтарымен жұмыс қарым-қатынасын сақтауға ұмтылу Қазақстан Республикасының Сыртқы саясатының тұжырымдамасында да бекітілді.

Осы жылдары әлемнің өзі өзгерді. Жаһандық геосаяси дағдарыстар мен қақтығыстар маңызды кезеңге айналды. Ірі жаһандық және өңірлік державалар арасындағы бәсекелестік күшейді. Санкциялар, оның ішінде қайталама санкциялар факторының, сондай-ақ көлік-логистикалық бағыттардың, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы артты.

Сондықтан сыртқы саясат енді тек дипломатиялық қарым-қатынастар мәселесі емес. Ол елдің экономикалық тұрақтылығымен және стратегиялық дербестігін сақтаумен тікелей байланысты.

Негізгі өзгерістердің бірін Қазақстанның сыртқы саясатты өзінің ұлттық мүдделерін қорғау құралы ретінде әлдеқайда белсенді пайдалана бастағанынан көруге болады.

Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуынан, сондай-ақ Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ, Парсы шығанағы елдері, Түркиямен ынтымақтастықты кеңейтуінен көрінеді. Сонымен қатар Қазақстан Ресеймен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарын да сақтап келеді.

Яғни бүгінде Қазақстан түрлі күш орталықтарының бірін таңдауға емес, өзінің маневр жасау мүмкіндігін кеңейтуге ұмтылады.

2. Сіздің ойыңызша, осы кезеңде Қазақстанның сыртқы саясаты қаншалықты сабақтастығын сақтады және онда принципті түрде не өзгерді?

Сабақтастық өте жоғары деңгейде сақталды. Президент Тоқаевтың сыртқы саясатын бұған дейінгі кезеңдегі сыртқы саясатқа қарсы қою дұрыс емес. Негізгі қағидаттар тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында қалыптасты және өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі 2020 жылы бекітілген Сыртқы саясат тұжырымдамасында сыртқы саяси бағыттың сабақтастығын тікелей бекітіп, оны көпвекторлы әрі прагматикалық бағыт ретінде айқындады.

Алайда қағидаттардың сабақтастығы әдістердің өзгермейтінін білдірмейді. Егер бұрын көпвекторлылық негізінен халықаралық байланыстарды әртараптандыру саясаты болса, бүгінде ол әлдеқайда күрделі тепе-теңдік жүйесіне айналды.

Қазақстан Ресей мен Қытайға тікелей жақын орналасқан, сонымен қатар Еуропамен елеулі экономикалық мүдделері бар. АҚШ, Түркия және Таяу Шығыс елдерімен қарым-қатынастарын дамытып келеді. Ал негізгі бағыттардың бірі – Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынасты дамыту және өңірдің халықаралық аренадағы рөлін күшейту.

Қазіргі дипломатия әлдеқайда жоғары икемділікті талап етеді. Қазақстан тек жекелеген мемлекеттермен екіжақты қарым-қатынасын ғана емес, бұл байланыстарды басқа серіктестері қалай қабылдайтынын да ескеруге мәжбүр.

Яғни сыртқы саясаттың философиясы емес, оны жүзеге асырудағы қателіктің құны өзгерді деуге болады.

3. Тоқаев – халықаралық салада көп жыл жұмыс істеген кәсіби дипломат. Оның дипломатиялық тәжірибесі Қазақстанның сыртқы саясатындағы стильге қаншалықты әсер етті?

Мұнда кәсіби тәжірибенің ықпалы айқын байқалады. Қасым-Жомарт Тоқаев – жоғары білікті дипломатиялық мектептен өткен тұлға. Ол көп жыл бойы сыртқы саясат саласында жұмыс істеді, Қазақстан дипломатиясының қалыптасу кезеңінде маңызды қызметтер атқарды, елді халықаралық аренада таныстырды, Сыртқы істер министрі болды, кейін БҰҰ жүйесінде қызмет етті. Дипломатия – ол үшін кәсіби тұрғыдан қалыптасқан орта.

Бұл оның жұмыс стилінен де көрінеді. Оның жария дипломатиясында эмоцияға берілетін тұстар аз. Әдетте Президент кейінгі диалог мүмкіндігін жауып тастайтын тұжырымдардан аулақ болады. Қазақстан үшін бұл маңызды, өйткені ел бір уақытта өзара қайшылықтары бар мемлекеттермен де қарым-қатынас орнатады.

Сонымен қатар көпжақты институттардың, өңірлік және халықаралық ұйымдардың маңызы зор. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, Орталық Азия елдерінің C5+ форматтары және басқа да алаңдарды өз мақсаттарына жету және халықаралық байланыстарды дамыту үшін белсенді пайдаланады.

Бүгінде өзін халықаралық аренада орта держава ретінде таныстыратын мемлекет үшін бұл объективті қажеттілік. Қазіргі геосаяси жағдайда дипломатия, келіссөз жүргізу, коалициялар құру және диалог алаңын ұсыну маңызды ресурстарға айналып отыр.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының кәсіби дипломатиялық тәжірибесі айрықша маңызға ие болды.

4. Осы жеті жыл ішінде Қазақстан халықаралық саясаттың анағұрлым елеулі субъектісіне айналды деп айтуға бола ма? Бұған қандай нақты әрекеттер ықпал етті?

Қазақстанның халықаралық аренадағы танымалдығы бірнеше халықаралық процеске қатар қатысу қабілеті арқылы да қалыптасады.

Мысалы, Орталық Азия дипломатиясының дамуын атап өтуге болады. Қазақстан өз атынан ғана емес, Орталық Азияны әлемдік аренадағы күшті әрі дербес ойыншы ретінде нығайтуға мүдделі мемлекет ретінде де белсенді әрекет етіп келеді. Бұл халықаралық өзара іс-қимылдың конфигурациясын өзгертеді.

Қазір Қытай, Еуропалық одақ, АҚШ және басқа да мемлекеттермен «Орталық Азия плюс» – C5+ форматындағы жаңа өңірлік және мемлекетаралық байланыстар жиі өткізіліп жүр.

Бұған дейін Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты негізінен екіжақты форматта дамытуды жөн көрген мемлекеттер бүгінде көпжақты ынтымақтастыққа көбірек көңіл бөле бастады. Бұл үрдіс мемлекет басшыларынан бастап, тиісті салаларға жетекшілік ететін органдар мен министрліктер деңгейіне дейін байқалады.

Мысалы, 2025 жылы Алматыда «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Онда сауда, көлік байланысы, қауіпсіздік, тұрақты даму және басқа да мәселелер талқыланды.

Ал 2025 жылғы тамызда Қазақстан мен БҰҰ Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойды. Мұндай орталықтың құрылуы Қазақстанның өңірдегі халықаралық инфрақұрылымдық және сараптамалық рөлін күшейтіп, Алматының халықаралық саясаттағы маңызын арттыруға ықпал етеді.

Экономикалық дипломатияны да бөлек атап өтуге болады. Қазақстан үшін көлік дәліздері, инвестициялар, энергетика және жаңа нарықтарға шығу мәселелері сыртқы экономикалық саясаттың бір бөлігі саналады. Оларға кейде саяси сипаттағы келіссөздерден кем емес басымдық беріледі.

Сондықтан Қазақстанның халықаралық субъектілігі ірі державалардың шешімдеріне ғана жауап берумен емес, өзінің алаңдарын, форматтары мен бастамаларын ұсына алу қабілетімен де көрінеді.

5. Тоқаев тұсында көпвекторлылық тұжырымдамасы қалай өзгерді? Бұл бұрынғы бағыттың жалғасы ма, әлде көпвекторлы дипломатияның жаңа моделі ме?

Бұл процесті көпвекторлылық тұжырымдамасының жаңа кезеңі деп атауға болады.

Көпвекторлылықтың өзі өзгерген жоқ. Қазақстан Ресеймен және Орталық Азия елдерімен тату көршілік қарым-қатынасты сақтауға, Қытаймен стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға, Еуропа, АҚШ, Түркия, Таяу және Қиыр Шығыс мемлекеттерімен байланыстарды нығайтуға мүдделі.

Алайда қазіргі кезеңде Қазақстанның сыртқы саясатындағы көпвекторлылықтың мазмұны әлдеқайда күрделене түсті.

Бүгінде жақсы қарым-қатынас орнату жеткіліксіз. Халықаралық текетірестің Қазақстанның шешім қабылдау кеңістігін тарылтып жібермеуіне де жағдай жасау қажет.

Сондықтан қазіргі модельді стратегиялық әртараптандыру элементтері бар көпвекторлы саясат деп сипаттауға болады. Әртараптандыру саяси байланыстарды, сауда қатынастарын, сыртқы экономикалық бағыттарды, көлік маршруттарын, инвестициялық ресурстарды, технологиялық серіктестіктерді және басқа да салаларды қамтиды.

Қазақстан бір серіктесті екіншісіне қарсы қоюға емес, белгілі бір бағытқа тәуелділік шектен тыс деңгейге жетпейтін сыртқы байланыстар жүйесін қалыптастыруға ұмтылады.

Осы тұрғыдан алғанда, қалыптасқан дипломатиялық формула ретіндегі көпвекторлылық елдің сыртқы саяси және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін механизмге айналып отыр.

Осындай күрделі дипломатиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, екіжақты байланыстарды да, көпжақты ынтымақтастық форматтарын да дамыту – Президент Тоқаевтың соңғы жеті жылдағы дипломатиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Бұл бұрынғы көпвекторлылықтан бас тарту емес, оны қазіргі әлем жағдайына бейімдеу. Өйткені бүгінгі таңда тепе-теңдікті сақтау әлдеқайда қиын.

Қорытындылай айтқанда, Президент бұрыннан қалыптасқан көпвекторлы саясат моделін күрделілігі жоғары жаңа деңгейге шығарды. Бүгінде бұл күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтаумен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси кеңістігін үнемі кеңейту жұмыстарын да қамтиды.