Мемлекет басшысы AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінде Digital Bridge форумы Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті.
– Мұнда әлемнің технологиялық дамуына зор үлес қосып жүрген білікті мамандар жиналды. Форум аясында жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсынылады, тиімді байланыстар орнатылып, нақты жобалар іске қосылады. Сондықтан Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айтсақ, артық болмасы анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі аса қарқынды, құбылмалы және озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңызына тоқталды.
– Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып жатыр. Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Оған бәріміз де куә болып отырмыз. Осы орайда, AI & Digital Bridge форумының мазмұны да жыл өткен сайын жаңа сипатқа ие болуда: жаңа өзекті мәселелер пайда болды, қатысушылардың ауқымы да ұлғайды. Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді»
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.
– Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктеріне тоқталды.
– Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі.