Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Бірсуат өзенінде балық жаппай қырылып, су бетіне жүздеген өлі балық қалқып шыққан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға орнына барған мамандар шортан, сазан және табан балықтарының қырылғанын анықтап, судан және өлі балықтардан зертханалық сынама алған.
Нұрын ауылдық округінің әкімдігі қазір қырылған балықтарды жинап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алайда осындай көлемдегі балық қырылғанша өзеннің жағдайы неге бақылауға алынбағаны және жергілікті әкімдік мәселені неге алдын ала байқамағаны сұрақ туғызады.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, Бірсуат өзенінің арнасы ешбір табиғат пайдаланушыға бекітілмеген, ал балықтың нақты неден қырылғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Енді тұрғындар тек зертхана жауабын емес, экологиялық жағдайға кім жауап беретіні және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін әкімдік қандай шара қабылдайтыны жөнінде нақты жауап күтеді.