05.10.2026, 10:20

Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздар үйлеріне оралды

Фото: stan.kz

Сарбаз қаза тапқан қаруластарының ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Әлеуметтік желіде Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздардың әскери борышын өтеп, туған-туыстарымен қауышқан сәттері түсірілген видеолар тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

3 қазанда Ақжол Темерхан, ал 4 қазанда Бекет Мырзағалиев пен Никита Удалов әскери қызметтен үйлеріне оралды.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп, санитарлық нұсқаушы болған.

Ал Бекет Мырзағалиев әскери борышын қаруластарынан айырылып, жалғыз аяқтады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында қаза тапқан сарбаздардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасылары мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет етіп, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу – жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі сақталады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін», – деп жазды ол.

Сарбаз қаза тапқан қаруластарының ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

«Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап, дұғада болған қазақ елі, сіздерге Алла разы болсын», – деді Бекет Мырзағалиев.