Сонымен қатар жүлдегерлерді дайындаған жаттықтырушыларға да ақшалай сыйақы беріледі.
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен қорытындылады. Жүлдеге ие болған спортшылар мен оларды дайындаған жаттықтырушыларға мемлекет тарапынан ақшалай сыйақы қарастырылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысына сәйкес, Азия ойындарында жүлде алған спортшыларға медаль түріне қарай белгіленген мөлшерде сыйақы төленеді.
Атап айтқанда, алтын медаль иегеріне 10 мың доллар, күміс жүлдегерге 5 мың доллар, ал қола медаль алған спортшыға 3 мың доллар беріледі.
Теңгемен есептегенде бұл сомалар сәйкесінше 4 миллион 477 мың 300 теңге, 2 миллион 238 мың 650 теңге және 1 миллион 343 мың 190 теңгені құрайды.
Сыйақы мөлшері командалық спорт түрлерінде де әр спортшыға жеке есептеледі. Яғни бірнеше адамнан құралған команда алтын жүлдеге ие болса, белгіленген сыйақы бүкіл командаға бір рет емес, әр спортшыға бөлек төленеді.
Сонымен қатар жүлдегерлерді дайындаған жаттықтырушыларға да ақшалай сыйақы беріледі.
Алтын медаль алған спортшының жаттықтырушысына 5 мың доллар, күміс жүлдегерді дайындаған маманға 3 мың доллар, ал қола жүлдегердің жаттықтырушысына 2 мың доллар төленеді.
Бұл шамамен 2 миллион 238 мың 650 теңге, 1 миллион 343 мың 190 теңге және 895 мың 460 теңгеге тең.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтады. Жалпы командалық есепте ұлттық құрама сегізінші орынға орналасты.