05.10.2026, 13:00

«Домбыра ұстап тұрып баланы ұрған»: Жамбыл облысында мұғалім қамауға алынды

Фото: видеодан скрин

Қазіргі уақытта полиция істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Жамбыл облысында оқушыға қол көтерді деген күдікпен ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, оқиға шамамен бір жыл бұрын болған, еп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның бір қолында домбыра ұстап тұрып, екінші қолымен баланы ұрғанын көруге болады. Желі қолданушылары бұл жағдайды Қордай ауданындағы үйірмелердің бірінде болған деп жазған.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция мәліметінше, оқиға шамамен бір жыл бұрын болған. Баланың анасы бұл жағдайды жақында ғана біліп, құқық қорғау органдарына жүгінген.

«Істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – делінген полиция хабарламасында.

Оқиғадан кейін ер адам көпшілік алдында кешірім сұраған. Ол видеодағы баланың өзінен сабақ алатынын айтып, әрекетін эмоцияға берілуімен түсіндірді.

Сондай-ақ ол мұғалімнің балаға қол көтеруіне жол берілмейтінін мойындап, заң алдында жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта полиция істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.