05.10.2026, 16:00

«Үш ай бойы ұлын іздемеген»: БҚО-да қоқыс жағалап күн көрген бала ата-анасыз қалды

Фото: azattyq-ruhy

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы алып кетіп, арнайы орталықта тәрбиелеген. 

Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы баланың бірнеше жыл бойы қараусыз қалғаны анықталды. Бала қоқыс арасынан тамақ пен киім тауып күн көрген, сондай-ақ мектепке мүлдем бармаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Баланың құқығын қорғау үшін «Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы» сотқа жүгінген. Ұйым баланың анасын ата-ана құқығынан айыруды және одан алимент өндіріп, қаражатты баланың жеке депозиттік шотына аударуды сұраған.

Сот мәліметінше, бала дүниеге келгеннен бері қолайсыз ортада өмір сүрген. Анасы алкогольді ішімдікті жиі тұтынған, ал оның үйіне түрлі адамдар тұрақты түрде келіп отырған. Нәтижесінде бала білім алмаған және оқып-жазуды меңгермеген.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы отбасынан алып, арнайы орталыққа орналастырған. Алайда кейінгі үш ай ішінде анасы ұлын бір рет те іздеп келмеген. Сонымен қатар ол ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралған сот отырысына да қатыспаған.

Психологтың қорытындысына сәйкес, баланың психологиялық жағдайы ауыр болған. Ол анасымен эмоционалдық байланысын жоғалтқан және әйелден қорқады. Бала анасы оны қайтадан қоқыс үйінділеріне алып кетуі мүмкін деп қауіптенген.

Сот анасының ата-ана міндеттерін ұзақ уақыт бойы орындамағанын және жағдайын өзгертуге әрекет жасамағанын ескеріп, оны ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарды.

Енді әйелден баланы асырауға алимент өндіріліп, төлемдер баланың жеке депозиттік шотына аударылатын болады.