05.10.2026, 18:20

Қарағандыда алаяқ әйел жоқ пәтерді жалға беріп, студенттерден 2,2 млн теңге алған

Фото: depositphotos.com

Тергеу барысында алаяқтыққа қатысты 10 дерек анықталды.  

31 жастағы күдікті әлеуметтік желілерде шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру жариялап, жәбірленушілерден алдын ала төлем алып отырған, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Алаяқтық схемасы тамыз айында жүзеге асқан. Әлеуметтік желілерде студенттерге тиімді бағада пәтер жалға берілетіні туралы хабарландырулар жарияланған. Жарнамадағы пәтерлердің фотосуреттері интернеттегі ашық дереккөздерден алынған.

Арзан баспана іздеген жастар хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласып, пәтерді жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған. Алайда ақша аударылғаннан кейін әйел байланысқа шығуын тоқтатқан.

Ал уәде етілген пәтерлердің шын мәнінде болмағаны анықталған. Бірнеше жәбірленушінің полицияға шағымдануынан кейін жедел қызметкерлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Тергеу барысында алаяқтықтың 10 дерегі дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2,2 миллион теңгеден асты. Барлығы – арзан баспана іздеген студенттер.

Қазіргі уақытта полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Сондықтан жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін.