$ 447.73 € 502.98 ₽ 5.35

Алматы облысында балаларды аяусыз ұрған медресе ұстазы жұмысынан қуылды (ВИДЕО)

Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өтіп, жағдай жан-жақты қаралған.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Алматы облысындағы медреселердің бірінде балалардың ұстаздан таяқ жеген видеосы тарады. Кадрларда бірнеше ұл баланың жылап отырғаны және оларға ер адамның күш қолданғаны көрінеді. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мүфтият видеодағы оқиғаның мешітте болғанын және балаларды ұрған адамның сол мешітте қызмет еткен ұстаз екенін растады.

Діни басқарманың мәліметінше, оқиға биыл маусым айының басында Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінде өткен «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы кезінде болған.

ҚМДБ мәліметінше, шәкірттер арасында болған келеңсіз жағдайдан кейін мешіт ұстазы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру кезінде эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға қайшы әрекет жасаған.

«2026 жылдың маусым айының басында Қарасай ауданы «Түркістан-1» мешітіндегі «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы барысында келеңсіз жағдай орын алды. Шәкірттер арасында болған келеңсіз жағдайдан кейін мешіт ұстазы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сай келмейтін әрекетке жол берген», – деп хабарлады Мүфтият.

Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өтіп, жағдай жан-жақты қаралған. Дүйсехан Нұрберді өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, балалардың ата-аналарынан кешірім сұраған.

ҚМДБ-ның №2290 бұйрығына сәйкес, ол мешіт ұстазы қызметінен босатылған.

Сонымен қатар Мүфтият ата-аналар тарапынан бұл жағдайға байланысты дау-шағым жоқ екенін хабарлады. Діни басқарма ата-аналардан жазбаша және бейнежазба түрінде тиісті мәлімдеме алғанын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 2