09.10.2026, 18:00

Астанада желіде әйел болып танысқан еркектер адам ұрлап, ақша бопсалаған

Фото: ЖИ

Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден 2,2 млн теңге иемденген.

 

Астанада адам ұрлау және бопсалау ісі бойынша үш ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарта порталы. 

Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың жалған аккаунттарын пайдаланып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырған. Кейін оларды қала сыртына күштеп алып кетіп, ұрып-соққан және масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.

Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден 2,2 млн теңге иемденген. Жәбірленушілердің бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлесе, екіншісінің автокөлігін тартып алған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен үшеуі де адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысқанда сақ болуға шақырады. Сондай-ақ адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау үшін мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.