09.10.2026, 23:30

Жетісу облысында оқушы пышақ жарақатынан көз жұмды: Сыныптасы ұсталды

Фото: Pixabay

Қайғылы оқиға Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында болған.

Жетісу облысында 8-сынып оқушысы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімді пышақтаған күдікті оның сыныптасы болып шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қайғылы оқиға Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында болған. Марқұм Мүслім Біржанұлының өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Алдын ала деректерге сәйкес, мектептен кейін екі жасөспірімнің арасында жанжал туындаған. Кикілжің соңы қайғылы жағдайға ұласқан.

Жетісу облысының Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ол заңды өкілімен бірге полиция бөліміне жеткізілген.

«Жанжал барысында жасөспірім жарақат алып, артынша көз жұмды. Күдікті ұсталып, заңды өкілімен бірге полицияға жеткізілді. Сол сияқты балалардың өмірі мен денсаулығына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін білім беру мекемесінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды», – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Осы оқиғаға байланысты білім беру мекемесінің қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Оларға балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді деген күдік келтіріліп отыр.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Іс Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауына алынған. Тергеу мүддесіне байланысты полиция әзірге өзге ақпаратты жарияламады.