12.10.2026, 10:20

Алматыда 61 жастағы ер адамды өлтіріп, денесін иығына салып алып кеткен (ВИДЕО)

Фото: Видео скриншот

Қазіргі уақытта төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған. 

Алматыда 61 жастағы ер адамды өлтіріп, денесін қара пакетпен бүркеп, иығына салып алып кеткен оқиғаға қатысты төрт күдікті ұсталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тараған. Марқұмның көршілері болған жайт туралы полицияға хабарлаған. Қалалық Полиция департаменті резонанс тудырған қылмысқа қатысты ресми түсініктеме берді.

«Алматыда 61 жастағы тұрғынды өлтіру ісі бойынша полиция төрт адамды ұстады. Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және марқұмның пәтерін заңсыз иемденген болуы мүмкін екені анықталды», – делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

«Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Полиция департаменті.