12.10.2026, 16:20

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлері: ҚМА тексеру нәтижесін жариялады

Фото: ЖИ

Бұған дейін анонимді Telegram арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланған.

Перизат Қайраттың туыстары Дубайдағы пәтерлерді оның қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алған деген болжам расталмады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұған дейін анонимді Telegram арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланған. ҚМА бұл мүліктің жымқырылған ақшаға сатып алынуы мүмкін деген болжамды тексерген.

Агенттіктің мәліметінше, жарияланымда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылып, Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған.

Сондай-ақ тергеу барысында П. Қайраттың аталған отбасы мүшелерімен қаржылық есеп айырысқаны анықталмаған. ҚМА мәліметінше, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысады. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін дербес жүргізген.

Тергеу барысында барлық қаржылық операциялар талданып, жымқырылған ақшаны заңдастыру тізбегі анықталған. Агенттік П. Қайраттың қайырымдылыққа жиналған қаражатты автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, тұрғын үйлерді жөндеп, жиһазбен жабдықтауға, қымбат киімдер мен әшекейлерге жұмсағанын хабарлады. Сондай-ақ бұл ақша бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына баруға пайдаланылған.

ҚМА мүлікті бұғаттау мен тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер қажет екенін түсіндірді. Күдіктімен туыстық байланыстың өзі қылмыстық жауапқа тартуға немесе мүлікті тәркілеуге негіз бола алмайды.