16.10.2026, 09:10

«Үйді су басты, жауап беретін кім?»: Қарағандыда жылу құбыры жарылып, тұрғындар зардап шекті

Фото: видео скриншот

Қарағанды қаласындағы Лобода көшесінде тұрғын үйдің шатырындағы жылу құбыры жарылып, кіреберіс пен пәтерлерді су басты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғындардың айтуынша, су баспалдақпен төмен қарай сарқырап ағып, бірнеше пәтерге залал келтірген. Оқиғаға қатысты шағымданған қала тұрғыны Юлия Решетко көпқабатты үйлердің қауіпсіздігіне кім жауап беретінін сұрап, жергілікті билікке жүгінді. Оның сөзінше, былтыр да осы үйдің тұрғындары кабельге байланысты төрт күн жарықсыз қалған, ал мәселе әлі күнге дейін уақытша шешіммен шектелген. Ол мұндай жағдайда қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға кім көмектесетінін сұрап, тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жүйелі түрде тексеруді талап етті.

Тұрғындар енді апаттың салдарын кім өтейтінін және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қандай шара қабылданатынын білгісі келеді.